Алматыда үй салуға 286 гектар жер заңсыз берілген

Алматыда туризмге арналған рекреациялық аймақтан тұрғын үй салуға 286 гектарға жуық жер заңсыз берілген.

Бұл 2017 жылдан бергі сандар. Бірақ осы өзгерістер экологтардың, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен өрт сөндірушілердің келісімінсіз жүзеге асырылған. Қоғамдық тыңдаулар да өткізілмеген. Антикор Алматы қаласының жер қатынастары саласында басқа да бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Мысалы, Алматының қолданыстағы Бас жоспары 2011 жылы өзектілігін жойды, ал жаңасы әлі бекітілмеген. Құрылысқа рұқсат құжаттарын беру және келісу кезінде сыбайлас жемқорлық факторлары анықталды. Соның ішінде әкімдіктегі лауазымды тұлғаның туысына жер учаскесі аударылған жағдайлар да кездескен. Ал төтенше жағдай қызметінің дерегінше, тасқын, көшкін және сел қаупі аймағында 5000-ға жуық нысан бар. Оларда 26 мың адам тұрады. Аталған факторлар бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Арман Тлеукенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

-Жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсыну процесінің ашықтығы мен бақылаудың болмауы сыбайлас жемқорлық практикасына алып келеді. Алдымен Бас жоспарға сәйкес келмеу және сейсмикалық және су қорғау аймақтарында болу сылтауымен бас тартады. Кейінірек сол учаскелер бойынша өзгертуге келісім беріледі. Осындай 900-ден астам факт анықталды.