Елордада ЛРТ құрылысы қайта жанданады

Елордада ЛРТ құрылысы қайта жанданады. Оған 3 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылады.

Мұны «Сити Транспортэйшн Системс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының орынбасары мәлімдеді. Темірхан Меңдіғалиевтің айтуынша, жер үсті метросының құрылысына қытай мамандары да атсалысады. Келер жылдың соңына дейін 18 станцияның 8-і іске қосылып, 5 метрополитен пойызы сынақтан өтеді. Вагондарға жүк тиеліп, оның жарамдылығы тексеріледі. Жоспарға сәйкес, ол 2025-ші жылдың жаз маусымында ел игілігіне берілуге тиіс.

Темірхан Меңдіғалиев, "City Transportation Systems" ЖШС төрағасының орынбасары:

- 15 мамырға дейін Қытай Халық Республикасынан 190-ға жуық маман мен 250-ден астам жергілікті жұмысшы жұмылдырылады. Ал 15 мамырдан кейін Қытайдан тағы 113 адамды Астанаға алдыратын боламыз. Учаскеде барлығы 3 мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады. Биыл 52,4 миллиард теңге бөлінді. Қыркүйек айында тағы 50 млрд-тай бөлінеді деп жоспарланған.