Петропавлды тағы да жағымсыз иіс жайлады

Күннің күрт жылынуынан қала шетіндегі биотоған еріп, тұрғындар улы газбен тыныстауға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолқаны қабатын жағымсыз иіс көктем сайын шығады. Қала шетіндегі биотоған еріген кезде тұрғындар көшеде мұрнын жауап жүруге мәжбүр болады.

Тұрғындар:

- Иә, иіс байқалады. Канализацияның иісі. Қатты сасық емес енді.

- Білмедік енді, андай бір құбыр жарылғанда немесе жұмыртқалардың көп тұрып қалуы болады ғой, сондай иіске сәл жақын.

Кәріз қалдықтарынан ауаға күкіртсутек тарайды. Оның мөлшері қаланың бірнеше жерінде бірақ көтерілген. Алайда оны экологтардың қондырғысы анықтай алмады.

Дамир Жұмабаев, Экология департаменті бөлімінің басшысы:

- Ауаның ластануы қатты желден көтерілуі мүмкін. Жаңа тағы да тексердік. Ондай ештеңе байқалмайды. Бірақ иіс бар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Петропавл қаласындағы биотоған өткен ғасырдың ортасында салынған. Содан бері бірде-бір рет тазартылмаған. Ал 2005 жылдан бері мүлде жұмыс істемейді.

Биотоғанға тәулігіне 10 мың текше метр кәріз қалдығы төгіледі. Жағымсыз иістен құтылудың жолын 2021 жылы жергілікті ғалымдар бастап еді. Олар зиянды заттармен қоректенетін «Хлорелла» балдырларын өсіріп шығарды. Бүгінгі күні тоғанға оның 400 мың тоннасы жіберілді. Бірақ айтарлықтай нәтижие жоқ.

Александр Рейбандт, Ғылыми-технологиялық орталықтың директоры:

- Қазір шектен тыс иіс бар. Бірақ ол мұздың еруімен байланысты. Күн жылынған соң хлореллалар тіріліп, жағдай дұрысталуы тиіс. Жағымсыз иістен бірден арыла алмаймыз.

Бұл жобаға 125 млн теңге жұмсалды. Бір қызығы, сумен қамту мекемесі кеткен қаржыны коммуналдық төлемді көтеру арқылы қайтарып алмақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.