Ірі қалалардың 75% жуығы 5G-мен қамтылады

2027 жылға қарай республикалық қалалар мен облыс орталықтары халқының жартысынан көбі 5G желісіне қол жеткізе алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге бұл ұялы байланысты Астана, Алматы, Шымкент және кейбір облыс орталықтарында  енгізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мобильді байланыс қызметінің сапасы да айтылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов, операторлар сапалы инфрақұрылым салғаннан гөрі айыппұл төлегенді жөн көреді деп сала өкілдерін сынға алды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Сапалы қызметті талап етуі орынды. Соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60 процентке дейін төмендетіп жібергенін атап өткім келеді. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі анықталған заңбұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді. Мұндай мәселелерді түбегейлі шешу керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған.