Ақтөбенің жаңа шағын аудандарында интернет байланысы нашар

Тұрғындар мобильдік операторлардың қызметіне наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Батыс-2 мен Есет батыр аталатын аумақтарда әлемдік желіні айтпағанда телефон шалып тілдесудің өзі мұң деп отыр.

Зәулім ғимараттар мен көпқабатты баспаналар бой түзеген Батыс-2 ауданында құрылыс 10 жылдан астам бұрын басталған. Осы уақыт аралығында жүздеген үй салынып, ондаған әлеуметтік мекемелер ашылып үлгерді. Алайда халық үдере көшіп келген маңда әлі күнге дейін ұялы байланыс сапасы сын көтермей тұр. Тұрғындар хат-хабар алмасып, шалғайдағы жанмен тілдесу үшін пәтер ішін кезіп кетеміз дейді.

Дәурен Сағиданов, қала тұрғыны:

- Мына үйде, мысалы, бірінші подъезде жақсы ұстағанымен, мына алтыншы-жетінші подъезде дұрыс ұстамайды. Мына жақта «нектаровский» үйлерде де ұстамайды. Сапасы өте төмен. Екі нөміріме 5 мыңдай төлеймін ғой. Жарытып интернет беріп отырған жоқ. Қаланың өзінде мынадай интернет, ауылдық жерлерде айтудың өзі қиын ғой.

Шалғайдағы ауыл-аймақты айтпағанда облыс орталығында мұндай тағы бірнеше аудан бар. Ел шетіне 5G форматындағы интернет байланысы жеткенде Ақтөбенің Есет батыр мен Ақжар, Шилісай мен Бекқұл баба, Жаңақоныс аудандары қарапайым байланыстың өзінен мақұрым қалатын да кездері болады. Мұны билік өкілдері сигнал таратушы бағаналардың тапшылығынан деп отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл шаһардың әр жеріне 13 станция орнатылады.

Әсет Отарбаев, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Үлкен жоба жоспарлап қойдық. Батыс-2 ауданына 3 станция орнатылады. Әрқайсысы 500 метр ауданды қамтиды. Қазір жер телімін бөліп, кейбір үй тұрғындарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Себебі радиофобия дегенге кезігіп отырмыз. Халық сигнал таратушы құрылғыны баспана маңына жолатқысы жоқ. Бірақ бұл станциялар кез келген ас бөлмесіндегі қысқа толқынды пештен зиян емес екені белгілі.

Биыл облыс өңірегіндегі ауылдарға ерекше көңіл бөлу көзделіп отыр. 315 ауылдың қазіргі таңда 102-і интернетке қосылмаған. Денінде ұялы байланыс атымен жоқ. Сондықтан жыл соңына дейін 67 елді-мекенге жүргізілуі тиіс. Аталған жұмыстардың барлығы мобильді операторлар мен жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асырылады.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков.