Қарағанды облысында орта білімді мамандар тапшы

Қарағанды облысында жұмысшы іздеген ірі кәсіпорындар колледждерде білім алушыларды келісімшарт арқылы оқытып, кейін бірден жұмысқа қабылдау бағдарламасын белсенді пайдаланып жатыр.

Себебі өңірде жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Дәнекерлеуші мен тау-кен ісінің шебері, тігінші мен бала тәрбиешісінің көмекшісі тапшы. Оның дәлелі - өткен жылы орта-арнайы білім алған 8 мыңға жуық түлектің 88 пайызы бірден жұмысқа орналасқан. Қазір облыстағы 55 колледжде 32 мың студент оқып жатыр. 2025-ші жылдан бастап сұранысы жоғары кәсіптік және техникалық білім беру ісі 100 пайыз тегін жүргізіледі.

Индира Исқақова, облыстық Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы:

- Биылғы оқу жылында «нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырыстары» деген енгізілді. Ол - биылғы жылдың жаңалығы. Яғни кәсіпорынмен колледж келісімшартқа отырып, студенттерді қабылдау арқылы алдағы уақытта оны жұмыспен қамтамасыз етеді. Бүгінде 207 студент, 13 колледжде осындай нысаналы білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатыр.