Қызылордалық тұрғын автобөлшектер дүкеніне жалған ақша өткізген

Қызылорда қаласының тұрғыны 20 мың теңгелік жалған банкноттарды жанармай құю бекеті мен автобөлшектер дүкеніне өткізген.

28 жастағы азамат алған заты үшін жалған ақша беріп, қайтарымына түпнұсқа банкноттарды алып кеткен. Осындай бірнеше факті бойынша қаралған іс, бүгінде сотқа жолданды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Азамат кінәсін мойындады.Криминалист мамандардың зерттеуі барысында өткізілген банкноттардың Ұлттық банктің ақша белгісіне сәйкес келмейтінін және ақшалардың принтерде басып шығарылғандығы  анықталды. Айта кетейік, ҚР ҚК-да бұл қылмыс үшін бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түрінде жауаптылық көзделген.