«Астана Опера» әншісі үздіктер қатарында

Қазақ баритоны «Астана Опера» театры опера труппасының басшысы Азамат Жылтыркөзов BraVo халықаралық кәсіби сыйлығымен марапатталды.

Бұл жүлде классикалық өнер саласындағы ерекше жетістіктер үшін беріледі. Марапаттау рәсімі Мәскеуде өтті.

«BraVo» халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығы биыл өзінің бесжылдық мерейтойын атап өтті. Оның лауреаттары -  әлемдік деңгейдегі жұлдыздар. Биыл гала-концертке Қытай, Түркия, Венгрия, Венесуэла, Сирия елдерінен танымал өнерпаздар қатысты. Марапаттау рәсімі қалыптасқан дәстүр бойынша Үлкен театрдың "Тарих" сахнасында өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баритон Азамат Жылтыркөзов «Серіктес елдің үздік орындаушысы» номинациясы бойынша марапатталды.

Азамат Жылтыркөзов, «Астана Опера» театры опера труппасының басшысы:

- Біріншіден, халықаралық "BraVo"  сыйлығын алуға өте қуаныштымын. Ең бірінші болып Қазақстаннан алған ол біздің "Астана Опера" театры болатын. Майра Мухамедқызы да алған. Ал бесінші сыйлығы маған бұйырыпты. "Большой театрдың" тарихи сахнасында өнер көрсетемін, кішкене қобалжып тұрмын.

Азамат Жылтыркөзов 2007 жылдан бастап опера әншісі ретінде жұмыс істей бастаған. Қазақ Ұлттық музыка академиясының түлегі. Кейін Австрияда тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттырды.

Юрий Андрейчук, премия продюсері:

- Азамат Жылтыркөзов – шын мәнінде «Астана Опера» театрының асылы. Қазір ол Қазақстанның ең талантты және болашағы зор орындаушылардың бірі. Бұл жерде біз BraVo премиясының лауреаттары ретінде Майра Мұхамедқызын, Салтанат Ахметованы және қазақстандық жас жұлдыз Данэлия Төлешованы Мәскеуде қарсы алғанымыз біз үшін үлкен қуаныш екенін айтқым келеді. Ресейлік көрермен қазақ орындаушыларын таланты мен шынайлығы үшін жақсы көреді.

2019 жылы BraVо сыйлығына «Астана Операның» өзі ие болды. Қазақстандық театр «Үздік концерттік сахна» номинациясында марапатталды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров