Жаңаөзендегі жұмыссыздық: 10 мың адам мұнайшы болуға кезекте тұр

Жаңаөзендік жастардың басым бөлігі мұнайшы болғысы келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл салада 14 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тағы 10 мыңы кезекте тұр. Себебі қара алтынның айналасында ақша да көп, жағдай да жасалған.

Ал өзге салалар ше? Жалпы Жаңаөзенде жастардың кәсіп ашуына немесе мансап қууға мүмкіндігі бар ма? Болған күннің өзінде олар мұнайшымен бірдей табыс таба ала ма?

Жаңаөзен жерінің астындағы байлық үстіндегі ағайынды толық асырай алмайды. Бұл туралы мұнай компаниялары ашық айтып отыр. Оның үстіне қара алтын күн өткен сайын азайып барады. Енді қайтпек керек? Кезегін күтіп отырған жастарға жергілікті билік не ұсына алады?

Жаңаөзендегі жұмыссыздық – керісіп емес, келісіп шешетін мәселе. Қара алтын бұйырмады деп қол қусырып отыруға болмайды. Себебі өңірде өзге салаларда да жоғары табыс тауып жүрген жандар бар. Соның бірі – 26 жастағы Бекзат Тоғызбаев. Ол жастайынан мұнайшы болуды армандаған. Кейін сол мамандықта оқуын бітіріп, туған жерге қайта оралады. Алайда ұзақ уақыт бойы мұнай компанияларынан бос орын таба алмады. Уақыт өте екі қолға бір күрек іздеп, мемлекеттің қайтарымсыз грантына кезігеді. Кейін өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелете бастады. Қол астында 3 қызметкері бар.

Бекзат Тоғызбаев, кәсіпкер:

- Барлығы мұнайшы болу міндетті емес қой. Сондықтан өзім кәсіп бастап, бағымды сынап көрдім. Алланың қалауымен жүріп жатыр. Жалақым мұнайшылардан кем емес. 500 мыңға жуық деп айтайыншы. Айына шамамен 50-60 терезедей өндіреміз.

Иә, қазір мұнай компанияларына кезекте тұрғандардың қарасы қалың. Алайда олардың бәрін бірдей жұмысқа қабылдау мүмкін емес. Қала әкімі мұнай мекемелерінен орын табылмаған жастарға өзге салалардан да жұмыс тауып бере аламыз дейді. Ол үшін арнайы бағдарлама да бар.

Айбек Қосуақов, Жаңаөзен қаласының әкімі:

- "Жұмыс жасаймын" бағдарламасы бар. Облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Тек Жаңаөзеннің халқы үшін осы "Жұмыс жасаймын" бағдарламасы ашылған. Ірілі-ұсақты мекемелердің барлығы бізге собезге келіп, осындай мамандық керек, адам керек деп бос жұмыс орындарын ұсынады. Сол жұмыстарды біз ұсынып жатырмыз. Ол жердегі еңбекақы 120 мыңнан бастап 250 мыңға дейін көрсетілген. 

Табылғанда бағымыз болған мұнай таусылғанда сорымызға айналмауы керек. Сол үшін өңірдегі негізгі жұмыс орындарын өзге бағытқа бұру қажеттілігі туып тұр. Соның бірі – кәсіпкерлік аясын кеңейту. Қазір шағын қалада 13 мыңға жуық бизнес нысаны бар. Өткен жылы 200-ден аса адамға кәсіп ашуға грант берілді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев.