Зеренді ауданындағы ауыл халқының шағымына ешкім құлақ аспайды

Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде ұялы байланыс нашар.

Тіпті қала іргесіндегі ауылдардың өзінде байланыс қызметі көңіл көншітпейді. Жергілікті тұрғындар болса жедел жәрдемнің өзіне  хабарласа алмаймыз дейді.

Ұялы байланыс пен интернет тауқыметін тартып отырғандардың бірі Жаңауыл халқы. Қаладан 30 шақырым жерде орналасқан. Ауыл тұрғыны Бақыт Әубәкірованың айтуынша, соңғы жылдары байланыс қызметі қатты нашарлап кеткен. Ал ғаламторға кіріп, жұмыс істеу мүлде мүмкін емес.

Бақыт Әубәкірова, ауыл тұрғыны:

- Интернет үш-төрт күн істесе, бір апта істемеуі мүмкін. Бұл мектепке баратын балаларымыз  үшін қиын. Интернетке қосыла алмай қиналады. Ал қатты желді күндері ұялы байланыс мүлдем жоғалады. 

Жаңауылда 200-ге жуық адам тұрады. Олардың дені қалаға қатынап жұмыс істейді. Ұялы байланыстың жоқтығынан ауыл тұрғындары жедел-жәрдем көмегіне де жүгіне алмаймыз деп ашынып отыр. 

Құрманбай Абдулғазин ауыл тұрғыны:

- Өткенде ауылда бір жігіт қайтты. Не Еленовкаға, не қалаға звондай алмадық. Зерендіге де жалоба бердік. Анау телекомпанияға звойдаймыз. Вообще телефон алмайды. 

Ал аудан шенеуніктері болса мәселені шешуге асығар емес.

Бақтияр Ақтанов, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а:

- Біз өз тарапымыздан ұялы байланыс операторларына шағым жазамыз, тұрғындардың өтінішін жеткіземіз. Тиісті сала мамандарымен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Мәселені талқылаймыз. 

Жалпы ауыл тұрғындары үшін арнайы «250+» бағдарламасы іске қосылаған. Десе де, ол жобаға  халық саны 200-ден асатын елдімекендер ғана кіреді. Сондықтан адам саны аз ауылдардың мәселесі ұлттық жоба аясында шешімін таппақ. 

Сағадат Дүйсенбаев, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы бөлімі басшысының м.а:

- «Қолжетімді интернет» жобасы аясында ұзындығы үш жарым мың шақырым интернет желісін тартуды көздеп отырмыз. Жоба 4 жылға жоспарланған. Оған қазынадан шамамен 2 мрд теңге қарастырылмақ. 

Осылайша жоба аясында 250-ге жуық ауылдағы интернет мәселесі шешілмек. Ал жүзден астам ауылға байланыс мұнарасын орнату көзделіп отыр.  

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный