Атырау аумағында қала халқына берілетін жер жоқ

«Биыл Атырау облысы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін тұрғындарға 1452 жер телімі беріледі» деген ақпаратқа қала тұрғындары қуанып қалған еді. 

Бірақ ол тек аудан орталықтары мен елді мекен тұрғындарына тиесілі. Облыстық жер қатынастары мамандарының айтуынша, Атырау қаласының аумағанда жеке тұлғалар үшін дайын жер телімі жоқ. Бүгінде Атырау облысында жеке тұрғын үй салу үшін 138 мыңдай адам жер кезегінде тұр. Оның 106 мыңнан астамы  облыс орталығынан жер алғысы келеді. Алайда жерге орналастыру ережесі бойынша жеке тұрғын үй салуға берілетін учаскеге алдымен электр желісі, көгілдір отын, ауыз су жүйелері секілді инфрақұрылым жасақталуға тиіс. Әзірге Атырау қаласында ондай дайын тұрған жер телімі жоқ. 

Назкен Өтешова, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Қаланың ішінде осы 2023-ке жоспарда жоқ. Басқа аудандарда бар. Қалада қазір дайын аудандардың жоқ болуы себепті. Осыған дейін инфрақұрылымы дайын аудандардың бәрі табысталды. Енді алдағы уақытта дайын болған жағдайда ол жөнінде хабарлап айтады.