Ақмола облысының тұрғындары жергілікті серіктестікпен 8 жылдай соттасып келеді

Ақмола облысы Жақсы ауданына қарасты Лозовое ауылының тұрғындары жергілікті серіктестікпен 8 жылға жуық соттасып келеді. Басты мәселе - жер дауы.

Ауыл халқы: «Алданып қалдық деп ашынса, серіктестік иесі жала жауып отыр», - деп налиды.

Даудың басы 2003 жылдары басталған. Ауылға жаңадан келген серіктестік 15 мың гектар жерді 49 жылға жалға алған. Ал жергілікті бұқара болса, жерімізді алдап алды деп отыр. Бастапқы кезде халықтың пайы да  берілген. Бірақ 2014 жылы ол көмектің барлығы тоқтапты.

Лидия Буховец, ауыл тұрғыны:

- Бізге көмек көрсетілетін. Бір сиыр болсын артық ұстауға мүмкіндігіміз бар еді. Бірақ қазір серіктестік не шөп, не сабан бермейді. Мал ұстау қиындап кетті. Бұрындары 5-6 бас қара мал ұстайтын едік. Қазір оған мүмкіндік те, шама да келмейді.

Ал серіктестік жетекшісі халыққа әу баста пай емес, жай ғана әлеуметтік көмек көрсетілгенін айтады. Бұл жәрдем қожалық құрамында қызмет ететін ауыл тұрғындарына әлі берілетін көрінеді. Айталық, қазіргі уақытта 100-ден астам ауыл халқы серіктестік қарамағында нәпақасын тауып отыр.

Кенжеболат Тұрғынбаев, серіктестіктің атқарушы директоры:

- 2014 жылға дейін берілген себебі бізде ауылда мал аз болды. Сосын отход қалып жатқасын, бір үйді босатпай беріп келдік. Ал 2014 жылы екі асыл тұқымды мал әкелдік. Сосын отходтың бәрін өз малымызға бере бастадық. Солай тоқтады.

Ешқандай көмек алмайтын тұрғындар болса жерді қайтаруды талап етеді. Қазіргі уақытта қос тарап соттасып жатыр. Бүгінге дейін 70-ке жуық сот отырысы өткен. Ал жоғары соттың соңғы үкімімен 40-қа жуық халықтың жер үлесіне деген құқығы қайтарылды.

Қайыржан Қалықов, адвокат:

- Тұрғындардың жер үлесіне деген құқығы  толығымен қайтартылды. Енді жер телімдерін бөлу жұмысы тұр. Ал бұл ретте жауапты сала мамандары сылбырлық танытуда. Олар нақты бір механизмнің жоқ екен айтып, жерді беруден бас тартуда.

Құқығы қайтарылған халықтың жерін қашан алатыны әзірге беймәлім. Өйткені оларға тиесілі жердің шекарасы мен аумағыда анықталмаған. «Тіпті халықтың көздеген жері серіктестік меншігінде болмауы да мүмкін»,-дейді сала мамандары.

Руслан Әбілжанов, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы:

- Шартты жер телімдерінің аумағы белгіленбеген. Сол себепті біз тұрғындардың жер телімдері серіктестікте деп нақты айта алмаймыз. Өйткені сол кездегі ауылдағы жалпы жер көлемі 27 мың гектар болды. Соның 15 мыңы осы серіктестікке, қалғаны шағын шаруа қожалықтарына бөлініп берілді.

Алдағы сот отырысы 27 сәуірде өтеді деп жоспарланған. Бірақ осы отырыста да іске толыққанды нүкте қойылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал қос тарап өкілдері істі соңына дейін жеткізуді көздеп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный