Сәтбаев қаласындағы перзентхана мәселесі шешімін тапты

Сәтбаев қаласында босанған жас аналар перзентханаға сыймай қалған.

Себебі, Жезқазғандағы перинаталды орталық екі аптадан бері санитарлық тазалық үшін жұмысын тоқтатқан болатын. Бірақ бүгін жағдай реттелді.

Жаңа туған сәбилерінің денсаулығына алаңдаған аналар жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жолдады. Жағдайды көзбен көруге барған түсіру тобымыз өкінішке орай босану бөлімшесінің табалдырығынан әрі аса алмады. Тәртіп солай екен. Тіпті жағдайды түсіндіретін де жан табылмады.

Перзентханадағы орын тапшылығы  2 жылда бір болып тұратын көрінеді. Қазір мұнда босанатын күні жақын жезқазғандық аналар да жатыр. Себебі, облыс орталығындағы перинаталдық орталық 2 аптадан бері санитарлық тазалық үшін жұмысын тоқтатты. Жауапты мамандардың қос қаладағы бала туу көрсеткішін жөнді саралай алмауынан осындай жағдай туындаған.

Жадыра Танкауова, облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Орын жетіспегендіктен соңғы екі-үш күнде әйелдер көп босанғандықтан ол шындық коридорда жатыр. енді 27-сәуірден, осы бүгіннен бастап жоспарлы өңдеу аяқталып, жұмыс орнымызға – көпсалалы ауруханада көше бастадық. 

Жарты айға жалғасқан санитарлық тазалық жұмыстары бүгін аяқталды. Бейнесюжет эфирге әзірленіп жатқанда осыған дейін аурухана дәлізін паналаған жас аналарды перниаталдық орталыққа көшіріп жатқаны туралы хабар келді. 

Еркебұлан Бейсенбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Мойкаға жабылады роддомдар, ол барлық жерде бар. 2012 жылы шыққан бұйрық бұл. сондықтан да осындай қолайсыз жағдайлар болып тұрады. 130 сәби дүниеге келді ол бір жезқазған қаласы бойынша. аналардың бәрі аман-есен, сәбилерін дүниеге әкеліп, балаларын бауырына басып жатыр. ешқандай төтенше жағдайлар болған жоқ.

Жоғары білікті дәрігерлердің тапшылығына байланысты перзентхана былтыр облыстық көпсалалы аурухана базасына көшірілген болатын. Содан бері жас аналар түрлі мәселелерге жиі кезігіп жүр. Өткен қыста бірнеше күн жылысыз қалған күндер де болған. Жалпы, соңғы жылдары өңірде бала туу көрсеткіші өсіп келеді. Сондықтан, облыстың кешенді даму жоспары аясында 2025 жылы жаңа перзентхана пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Әзірге, осылай амалдауға тура келеді»,-  дейді сала мамандары.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева