Алматы облысы ПД бұрынғы бастығы жазасын қандай түрмеде өтейді?

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев он жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол жазасын орта деңгейлі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Жетісу облыстық сотының судьясы осындай үкім шығарды. Айта кетейік, шетелден жеткізілген бұрынғы генерал-майорға қатысты бүгін екі бірдей сот отырысы өтті. Судья тараптардың келтірген дәлелдері негізінде күдіктіні бірнеше бап бойынша кінәлі деп тапты. Атап айтқанда, «қаңтар оқиғасы» кезінде ауыр зардаптарға және азаптауларға әкеп соққаны үшін және билікті асыра пайдаланғаны үшін айып тағылды. Бас прокуратураның мәліметінше, Күдебаев төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына жеке құрамға ғимараттан кетуге заңсыз бұйрық берген. Салдарынан Талдықорған қаласында тәртіпсіздікке жол берілді. Бұзақылар, тіпті Полиция басқармасының ғимаратын да басып алды. 500-ге жуық қару мен 28 мыңнан астам оқ-дәрі ұрланған, олардың бір бөлігі әлі табылған жоқ. Мемлекетке, азаматтарға және кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңге.

Дархан Дүйсембай, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

- 2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында оның үнсіз келісімімен Полиция департаментінің ғимаратында 23 азаматқа қатысты жаппай азаптау қолданылды. Сонымен қатар С.М. Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағында жеткізілген адамдарды ұрып соққандығы бейнекамераларға  жазылған. Психикалық және физикалық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ бу үтікті қолданумен қатар жүретін тыйым салынған тергеу әдістерінің нәтижесінде аталған азаматтардың денсаулығына түрлі дәрежеде зиян келтірген.