Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары кәсіп бастап жатыр

«Ауыл аманаты» жобасынан қолдау тапқандардың алды кәсіп бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе облысында бір ғана Мәртөк ауданы бойынша 20-дан астам елді мекен тұрғыны мал, құс, көкөніс шаруашылығын қолға алыпты. Олардың арасында қазірдің өзінде табыс тауып отырғандары бар.

Бұл тауықтарды Гүлсінай Хожаметова жуырда сатып алды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында алған үй құстары отбасылық кәсіптің бастауы болмақ. Ең бастысы, көпбалалы жанұяның кірісін көбейтуге зор көмек. Себебі жұмыс істейтін жалғыз отағасының табысы қажеттілікті өтеуге жете бермейтін. Ал мына кәсіптің аяқалысы жаман емес. Қазірдің өзінде тауық жұмыртқасын сұраушылар күн санап артып келеді.    

Гүлсінай Хожаметова, көпбалалы ана:

- 320 тауық алдым, сол жұмыртқа бағытында, өз-өзін көбейту бағытында. Жұмыртқаға сұраныс көп. Ауылға сатып жатқан жоқпын. Қалаға. Күніне 60-70 алып кетіп тұр, екі күнде бір. Болашаққа жоспар...Енді осыны көбейту – біздің мақсатымыз. Өзіміздің жеке кәсібімізді ашып, осылай даму.

Парахат Абдуллаевтың да «Ауыл аманаты» жобасына берген өтініші мақұлданған. Енді таяу уақытта жеке кәсіп бастау үшін сұраған 5 млн теңге көлеміндегі қаржысы түспек. Сөйтіп, ауласынан шағын жылыжай тұрғызып, құлпынай өсіруді көздеп отыр. Қазір дайындық жұмысын бастаған. Жерін жыртып, тұқым себуге әзірлеуде. Ауыл тұрғыны бұл кәсібін жыл бойы жүргізбек ниетте. Қажет болса, бір бөлігін өзге де дақыл түріне арнамақ.

Парахат Абдуллаев, Саржансай ауылының тұрғыны:

- Жылу жүйесін жүргізуіміз керек ішіне, төбесін жабуымыз керек, су әкелу керек. Сосын барып егеміз. Тұқымды маусымның аяғына саламыз, ол желтоқсанда, жаңа жылға таман шығады.

Мәртөк жобаға қатысу үшін тілек білдіргендердің саны бойынша өңірдегі белсенді аудандардың қатарына кіреді. Бүгінге дейін ауыл тұрғындары тарапынан жалпы сомасы 700 млн теңгені құрайтын 120 өтініш түскен. Негізінен мал, өсімдік, құс шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің қатары көп.  

Кенжебай Мұқашев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ет бағытында, сосын жұмыртқа бағытында  дамып жатқандар бар қазір. Бизнес бастап, аяққа тұрып кетуге өте қолайлы бағдарлама. Мына ауылдық жердегі «саманный» үйлер бар, «шпалдан» жасалған үйлер бар. Бұл барлығын кепілге ала береді, кепілге алып тұр қазір.

Бүгінде «Ауыл аманатына» жобасы өткен қатысушыларға қаржы түсе бастаған. Кәсіп бастағандардың бірі қазірдің өзінде табыс табуға кіріссе, енді бірі күзде өнімін саудаға шығаруды көздеп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.