Көкшетауда «Достық дәмі» фестивалі өтіп жатыр. LIVE

Достықтың дәмі. Көкшетауда дәл осындай атаумен фестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Думанға 17 этномәдени бірлестіктің өкілдері жиылған.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Иә, айшықты мерекені Ақмола облысының жұртшылығы айтулы деңгейде атап өтіп жатыр. Бүгін бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп жатқан  барлық этнос өкілдері Көкшетаудағы Қопа көлінің жағасына жиналды. Мұнда түрлі ұлт өкілінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін көптеген дүниелер жайғастырылған. Сондай-ақ әр этностың сәндік қолданбалы өнері мен ұлттық тағамдары да жиналған жұрттың назарына ұсынылды. Жалпы бүгінде облыс бойынша 40-қа жуық этнос өкілдері тұрады. Яғни, бүгінгі  мереке тек облыс орталығында ғана емес, барлық ауданда аталып өтілуде. Біз осыған дейін облыстағы этномәдени бірлестік өкілдері және ұйымдастырушылармен сұхбаттасқан едік. Соған кезек берсек.

Тажибуви Медетова, Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Ақмолалықтар үшін өзіміздің тағамдарымызды, дәстүрімізді көрсетіп жатырмыз. Жастар көрсін, білсін. Еліміз жасай берсін, жастар өсе берсін.

Мунира Салимова, Татар этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Халықты 1 мамыр мерекесімен құттықтаймын. Тыныштық болсын, амандық болсын. Аман болайық.

Ермек Нұғыманов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры:

- Бұл – біздің халықтардың бірлігі, осында тұратын этностардың достығы мен тұрақтылығының негізі. Бүгінде облыс бойынша Көкшетау мен Қараөткелдің арасында 36-дай этнос өкілі бір үйдің адамындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Соның арқасында облыс үлкен жетістіктерге жетуде.

 Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жалпы аймақтағы халықтар достығы ерекше сипатқа ие. Сол себепті татулық пен достық тойына барлық этномәдени бірлестік өкілдері белсенді қатысыда. Айталық, қаладағы мерекелік шаралар легі кешке дейін жалғасады. Мәдени шаралармен қоса спорттық жарыстар да ұйымдастырылған. Ал кешкі сағат 6-да дәл осы алаңда жастарға арналған мерекелік концерт өтеді. Осылайша, ақмолалықтар достық мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтуде.