Қазақстанда жасалған экзоскелетке сұраныс көп

Қазақстандық экзоскелеттің игілігін көрген балалар саны артып жатыр.

Дегенмен статистика бойынша елімізде әлі де 12 мың адам бұл өнімге зәру. Медициналық құрылғыны шетелден алуға болады, бірақ құны 50 миллион теңге. Ал қазақстандық Мәулен Бектұрғановтың  нұсқасы 4 есе арзан. Жоба авторы жетістіктерімен тоқтап қалмай жаңа түрін жасап шығарыпты.

Нұрғалам Қуандықовтың жасы 14-те. «Туа бітті церебралды сал ауруы» диагнозымен ауырады. Қадамын нық басуды армандаған бала, бүгінде, экзоскелетке қол жеткізіп отыр. Ал құрылғы көмегімен аяққа тұрған баласын көрген анасы, бұл сәтті тағатсыздана күткенін айтады.

Жанар Ержанова, қала тұрғыны:

- Бала бірінші қатты қуанышты болды. Өзінің аяғын басып тұрғанын көрген өте өзіне бірүрлі әсер болып, күшті болды. Енді оны айтып жеткізе алмаймын. Мен кәдімгідей үміттеніп тұрдым да балам осы аппатарпен алдағы уақытта жүріп кетеді деген менде үміт бар.

Қазақстандық ғалым Мәулен Бектұрғанов өткен жылы алғашқы Экзоскелетті жасап шығарған болатын. Ол бүгінге дейін «пилоттық режимде» қолданылып келді. Биыл жобасын жетілдіріп, оны көпфункционалды етіп қайта жасақтаған. Қазіргі таңда жаңа құрылғының игілігін 9 бала көріп отыр.

Мәулен Бектұрғанов, ғалым:

- Жобамды жетілдіріп, бұл жолы құрылғыны 4 құрамдас бөліктен жасақтадым. Яғни ол экзоскелет элементтері, локомат, вертикализатор және мүгедек арбасының бөліктерін қамтиды. Осы бөлшектердің арқасында, Экзоскелетте тұрған бала тепе-теңдікті ұстап тұрады, жерге құлап кетпейді. Бұл құрылғы «сал дертіне» шалдыққан балалардың аяққа тұрып кетуіне көмектеседі.

Экзоскелетті шетелден алуға болады, бірақ құны 50 миллион теңге. Ал Мәулен Бектұрғановтың жасап шығарған жаңа құрылғысы 4 есеге арзан. Қазір ғалымның бұл жобасына «Қазақстан халқына» қоры қаржылай көмек көрсетіп жатыр.

Мәулен Бектұрғанов, ғалым:

- Балалалар Экзоскелетпен үйде, сондай-ақ үйден тыс жерде емін еркін жүре алады. Себебі оны көпфункционалды етіп жасап шығардық. Әрине, бір жобаны жүзеге асыру үшін қаражат керек. Бұл тұрғыда «Қазақстан халқына» қоры қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.

Жаңадан экзоскелетке тұрған баланың, уақыт өте келе, өздігінен жүріп кетуге мүмкіндігі бар. Құрылғының құдыреті де осында. Алайда Ұлттық балаларды оңалту орталығында оның саны шектеулі. Сондықтан церебралды сал ауруымен ауыратындарға кезек-кезек 1 жылға ғана беруге тура келеді.

Мейрам Қалиясов, ұлттық балаларды оңалту орталығының дәрігері:

- Негізі экзоскелеттің тиімді тұсы көп. Құрылғыға тұрған балалардың өздігінен отырып-тұруы, жүруі, жалпы қозғалысы жақсаратыны сөзсіз. 130 сантиметрден жоғары етіп, әр баланың бойына шақтап қоюға болады. Экзоскелеттердің көп болғаны жақсы. Бірақ орталықтағы оның саны, әзірге шектеулі болып тұр.

Ай сайын Ұлттық балаларды оңалту орталығында 300-ге жуық науқас ем алады. Олардың кем дегенде 10-ына – экзоскелет қажет. Демек бұл – құрылғыға сұраныс артты деген сөз. Сондықтан Мәулен Бектұрғанов, биыл тағы 100 экзосклет жасап шығаруды көздеп отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов