Павлодарда үй жануарларын таңбалау басталды

Ертіс өңірінің тұрғындары ит, мысықтарын таңбалай бастады.

Бұл бағдарлама қаңғыбас және үй жануарларының санын реттеуге мүмкіндік береді. Тіркеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталу керек.

Ирина Ковелёва Лео атты мысығын жоспарлы екпе салуға  әкелді. Таңбалау бағдарламасы туралы естіген соң жануарын бірден тіркеді.

Ирина Ковалёва, қала тұрғыны:

- Көше кезіп жүрген қаңғыбас ит-мысықтар өте көп. Аяймын. Жолдасым екеуміз кейде оларды тамақтандырамыз. Үй жануары бала сияқты ғой. Жауапкершілік алсаң, қамқор болу керек. Адамдар түсінсе екен.

Таңбалау жекеменшік ветеринарлық клиникаларда жүргізіледі. Процедура – 4-5 мың теңге. Әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын тұрғындар үшін бұл қызмет тегін. Арнайы чиптің көмегімен ит пен мысықтардың жынысы, жасы, тұрғылықты жері туралы ақпарат ортақ базаға енгізіледі.

Бұралқы жануарларды аулап, заң жүзінде шара қолдану жұмыстары да қызу. Ветеринарлық қызмет иесіз қаңғырған хайуанаттарды аулайды. Ит-мысық иелері де заң бұзып жатады. Жыл басынан бері 50-ге жуық дерек тіркелді. 500-ге жуық адам итке таланған. Зардап шеккендердің 150-і бала.

Дәурен Нұржанов, қалалық Полиция басқармасы табиғат қорғау полициясының аға инспекторы:

- Тұрғындар жануарларын бос жіберіп қояды. Және де иттерді серуендемеуге болмайтын жерлерде жүреді. Бұл – заңбұзушылық. Бұл әрекет үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Заң талаптарын түсіндіруге тырысамыз.

Заң бойынша жануарларды атуға тыйым салынған. Қолға түскендері екі ай бойы арнайы орталықта тұруы шарт.

Ғалым Бейсенов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Бұрынғыдай біз итті аулап, жансындандырып, өлтіруші едік. Қазіргі уақытта шағым түскен аудандарға клетка қойып немесе сачок дейміз, құрықтармен сондай амалдармен ұстауға. Жануарға зиян келмейтін амалмен ұстауға мәжбүрмыз. Облыс бойынша бізде төрт приют бар, үшеуі Павлодар қаласында. Бірақ, олар жеке жануарлар қорғаушылар тарапынан.

Бұл орталықта 200-ге жуық қаңғыбас ит орналастырылған. Жанашыр жандардың қатарында Николай Олейников бар. Павлодарлық бұл итті панажайдан қамқорлығына алды.

Николай Олейников, қала тұрғыны:

- Иттердің барлығы  екпе алған. Дендері сау. Оған қоса, стерильденген. Жуырда төбетімнен айырылып қалдым. Орнына панажайдан басқа итті алып кеттім. Енді оған қамқор боламын.

Мамандардың айтуынша, төрт панажай облысқа жеткіліксіз. Әрқайсысында 200-ден астам ит тұрады. Мәселені шешу үшін мемлекет меншігінде болатын нысан салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жер учаскесі бөлінді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков