Қ. Тоқаев: Шахмат турнирі жоғары деңгейде өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичті қабылдады.

Президент ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны  тартысты өткен сайыста әлем чемпоны атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін. Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалысуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды.

Халықаралық шахмат федерациясының басшысы Аркадий Дворковичтің айтуынша, әлем чемпионатының аясында көптеген қосымша жарыс өткен. Атап айтқанда, Қазақстан әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы ойыны, балалар турнирі, әлемнің жетекші шахматшыларының қатысуымен шеберлік сағаттары және бір реттік ойын сеанстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ ол биыл жазда Қазақстанда алғаш рет мектептер арасында әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жарысқа кемінде 80 елдің өкілі қатыспақ.

Аркадий Дворкович, халықаралық шахмат федерациясының президенті:

- Біздің соңғы кездесуімізден бері 7 айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Сіздің жан-жақты қолдауыңызбен Қазақстанда бес әлем чемпионатын өткіздік. Шахмат спорты Қазақстанда қаншалықты танымал екеніне куәміз. Цифрлар таңғалдырады. Әрі ол келешекте арта  түседі. Мен бұған сенімдімін. Өйткені мемлекеттік пен демеушілер тарапынан көрсетілетін қолдау әрқашан жақсы нәтиже береді.

Өз кезегінде Қытай гроссмейстрі Дин Лижэнь осы матчқа шақырту алғаны үшін  Мемлекет басшысына алғыс айтты. «Сізбен кездесу – біз үшін зор мәртебе. Осы турнирге қатысып, жеңіске жеткенім үшін қуаныштымын. Ойыннан керемет ләззат алдым»,-  деді.

Дин Лижэнь, шахматтан әлем чемпионы:

- Ең алдымен Президент мырзамен кездесуге мүмкіндік жасалғаны үшін алғыс білдіремін. Шын мәнінде өте тартысты чемпионат болды. Қазақстанға тағы да келгім келеді.