Елде денсаулық сақтау саласын цифрландыру үрдісі жалғасып жатыр

Ведомствоның мәлімдеуінше, былтыр eGov mobile қосымшасында Е-Денсаулық сервисі іске қосылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда донорлық мәртебе алу, жүкті әйелдерді есепке тұрғызу және зертханалық талдамалардың нәтижелері сынды кеңейтілген қызмет түрлері бар. Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады. Ал жақын арада қан тобы сынды ақпараттар қосылатын болады. Бұдан бөлек, ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, eGov mobile қосымшасы арқылы дәрі-дәрмекпен қамту бағытында әлеуметтік әмиян жобасын жүзеге асырып жатыр.  

Бейбіт Есенбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Азаматқа рецепт жазылады және ол eGov mobile-да қолжетімді. Содан кейін науқас емханадағы дәріханаға барып, QR-кодын ұсынады. Фармацевт ақпаратты қолмен енгізудің орнына QR-кодын сканермен сканерлеп, рецепт бойынша дәрі береді. Пилот Астана қаласының емханаларында іске қосылды. Осыған байланысты азаматтарды осы сервисті пайдалануға шақырамыз.