«АрселорМиттал Теміртау» АҚ спорттық мереке ұйымдастырды

Шымыр металлургтер. «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамында дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай спорттық мереке ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызметкерлер арасында өзара мықтыны анықтады. Жанкүйерлер де сый-сыяпатсыз қалмады.

«АрселорМиттал Теміртау» акцонерлік қоғамының қызметкерлері үшін спорттық шаралар игі дәстүрге айналған. Жарыс қатысушыларына компанияның бас директоры Владимир Яблонский сәттілік тіледі.

Владимир Яблонский, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры:

- Біздің жұмысшыларымыз салауатты өмір салтын ұстанады. Өзіміздің әуесқой командаларымыз бар. Жарыстар біз салып, қалаға тарту еткен спорт кешендерінде өтеді. Ал еңбекті қорғау күніне арналған сайыс жыл сайын ұйымдастырылады.

Жергілікті билік өкілдері спортқа үнемі қолдау білдіретін «АрселорМиттал» компаниясына алғыс білдірді.

Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- «АрселорМитталл» компаниясының көмегімен қаламызда әлеуметтік нысандар салынды. Спорттық бастамаларға да зор қолдау көрсетіледі. Кәсіпорын жұмысшылары да шымыр. Сондықтан бәріне жеңіс тілеймін.

Шараның өтуіне металлургтердің «Жақтау» кәсіподағы да зор үлесін тигізді. Жарыс арқан тартыс, футбол, отбасылық сайыс және гір көтеру секілді спорт түрлерінен өтті. 

Тимур Отаралин, сумен қамту цехінің жұмысшысы:

- Жарысқа мықтап дайындалдық. Осал қарсылас жоқ. Мұндай додадарға ұжым болып қатысамыз. Өйткені шынықсаң – шымыр боласың.

Жарыс қорытындысы бойынша, жүлдегерлерге компания атынан велосипед пен спорттық жабдықтар берілді. Ал жеңімпаздар кубоктарға ие болды. Бұл күні жанкүйерлер де сый-сыяпатсыз қалмады.

Авторы: Айдарбек Айтмұхамбетұлы