ULTTYQ ÓNIM көрмесіне 300-ден астам бизнес өкілдері қатысуда

Алматыда ULTTYQ ÓNIM  көрмесі ашылды.

Іс-шараға еліміз бойынша 300-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері шақырылған. Олар жұртшылыққа отандық тауарлар мен қызметтерді ұсынады. Көрме осымен 7-ші мәрте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Елімізде «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар көбейіп келеді. Оған осы көрмеге қойылған өнімдер дәлел. Азық-түлік, киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз, құрылыс материалдары, машина жасау жабдықтары, тұрмыстық химия өнімдері өзмізде шығарылады.

Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы:

- Көрме отандық тауар өндірушілер үшін өз өнімдерін ұсынуға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды. Қазіргі таңда еліміздің әрбір тұрғыны үшін өз бизнесін бастауға барлық мүмкіндік жасалған. Мемлекеттік қолдау шаралары әрбір қазақстандық үшін қолжетімді, деп білемін.

Медина Сақтағанова көрмеге қатысу үшін Маңғыстау облысынан келген. Мамандығы киім дизайнері. Осыдан он жылдай бұрын жеке кәсіпкерлікке ден қойған. Ол басқаратын компания көпшілікке ұлттық киімдерді заманауй үлгіде тігіп ұсынады. Сұраныс жоғары. Қазір Мединаның цехында 30-дан аса қыз-келіншек жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Медина Сақтағанова, жеке кәсіпкер, дизайнер:

- Біздің басты қолдаушымыз Даму қоры. Даму қоры бізге субсидия берді. 107 млн теңге. Ол 107 млн теңгені өзіміздің компаниямызды үлкейту, ғимаратымызды үлкейту, жұмысшылар санын көбейту көптеген жас қыздарды жұмыспен қамтамасыз ету біздің басты мақсатымыз.         

«Даму» қоры кәсіпкерлердің 187,5 мыңнан астам жобасына  қолдау көрсетті. Өткен жылы  50,5 мыңнан астам жобаны қаржыландыру үшін 1,5 триллион теңгеден астам несие бөлінген. «Атакент» орталығында өтіп жатқан қазақстандық өндірушілердің Ulttyq Ónim  көрмесі үш күнге жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон