Сарапшылар: Қазақстан мен Қытай серіктестіктің жаңа деңгейіне өту алдында тұр

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз тәртіп орнатудың тұжырымдамалық мәні елдік төлқұжаттардың салмағын арттыру.

Көрші елмен қарым-қатынасты нығайту екі тарапқа да тиімді. Сол себепті, шекаралас стратегиялық әріптес әрі достық қарым-қатынасы нығайған қос тарап визасыз тәртіп туралы келісім орнатуға мүдделі. Сарапшылар Қазақстан мен Қытай серіктестіктің жаңа деңгейіне өту алдында тұр, - дейді.

Сарапшылар бұндай Келісімге қол қойылуы қисынды да заңды құбылыс, -дейді. Таяу арада Қазақстан мен Қытай азаматтары визалық талаптардан 30 күнтізбелік күнге дейін босатылуы мүмкін. Тәртіп туристік және серіктестік қатынастарға қатысты. Кәсіпкерлер іскерлік кездесуге келіп, туристік орындарды аралай алады. Мамандардың айтуынша, бұл үлкен мүмкіндік.

Уәлихан Сәрсембеков, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары:

- Аталған тетік біздің инвестициялық, сауда-экономикалық, іскерлік әріптестігімізге, азаматтарымыздың екі ел арасында әрі-бері қатынауына серпін береді. Визасыз тәртіп біздің қазақстандық төлқұжаттың беделін арттыруға жағдай туғызады. Қазір паспорттар индексінде Қазақстан 70-ші орында тұр. Алдыңғы жылы біз 76-шы сатыда болған едік.

Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен инвестициялық іс-шаралар тізіміне жалпы құны 21 млрд доллар болатын 52 жоба кіреді. Қытай елімізге инвестиция салушы алпауыттардың ішінде 4-орын алады. Былтыр сауда-саттық 34.1%-ға өсті. Сарапшылар тауарайналым айтарлықтай артатынын болжауда.

Мирас Жиенбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші сарапшысы:

- Шектеуші фактор болып келген көптеген заңгерлік және бюрократиялық рәсімдер алынады. Бизнес пен азаматтарымыз ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа үлгісіне қол жеткізеді. Белгілі деңгейде дамуға тұсау болған нормалар жойылады. Анығында біз ережелерді ырықтандыру үшін екі жақтан қайта қарап жатырмыз.

Тасымалдаушы компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде Қытайға виза алу үшін қажетті құжаттар пакеті қарапайым. Тек, кезек күтушілер көп әрі уақыты тым ұзақ. Отандық кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар да осыған шағымданады.

Мұрат Әмрин, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының м. а:

- Қазақстан-Қытай шекарасы жайлы айтар болсам, мәселен, Алматыдағы қарапайым кәсіпкер виза алу үшін консулдық қызметке жүгініп, 2-3 ай кезекте тұрады. Аз ақша жұмсамайды. Жеделдетілген  тәртіппен алу үшін тіпті 400-500 теңге көлемінде шығындалады. Процесс көп уақыт алатындықтан, кәсіпкердің қызметіне кері әскерін тигізіп жатады. Келісімшартқа тұруға үлгермей, жеткізу мерзімі созылып, бизнесі зардап шегеді.

Бүгінде қазақстандық жүк тасушылар визаның болмағанынан Қытай ішімен жүре алмайды. Логистикалық компания өкілдерінің айтуынша, олар шекарада визасы бар жергілікті тұрғындардың ақылы әрі заңсыз көмегіне жүгінеді. Екі ел арасында визасыз тәртіп орнаса, мәселе реттеліп, тауар тасымалдаушылардың қызмет көрсету құны айтарлықтай тұрақтайды. Логистика мамандары болашақта тиісті құжаты бар сапалы тауарлар тұтынушыларымызға қолжетімді бола түсетінін айтады.

Оксана Сорокина, логистикалық компанияның бас директоры:

- Визасыз режим күшіне енсе, тауарды қосымша жеткізіп берушілер қажет болмайды. Сәйкесінше, жемқорлық тыйылады, себебі бұл жеткізушілер заңсыз болғандықтан оларға қолма-қол ақы төленіп келді. Бізге жүк тасымалдау оңайлайды, қаржы үнемделеді. Тауардың өзіндік құны да арзандайды.

Қазақ туризм компаниясының басшысы туристік саланың тартымдылығын арттыруға екі фактор әсер ететінін атап өтті. Ол тікелей әуе қатынасы мен визасыз режимнің болуы. Былтыр Қытайдан елге 15 мыңнан астам турист келіп, 16 млн доллар кіріс кірген. Ал пандемияға дейін 80 мыңнан астам қытай азаматы елге саяхаттап, 50 млн доллардан артық пайда әкелген. Алдағы мақсат осы қарқынды жалғастыру. 

Даниел Сержанұлы, "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарушы директоры:

- Биылғы жылға жоспар сол пандемияға дейінгі көрсеткіші қайта қалпына келтіру. Одан кейін оны әрі қарай өсіре бастаймыз. Негізі тарихи көрсеткіштердің бірі ол 200 мыңнан асады, бірақ ол шекараны кесіп өткен адамдардың саны. Сондай деңгейге жетсек біз әлемдік бүкіл Қытайдан кететін туристердің саны енді білесіздер 2019 жылы 150 млн-ға жуық қытай туристері шетелге шыққан , солардың 0,1% ұстап отырсақ, 0,2% жететін боламыз. Әрине ол көп емес бірақ біздің экономикамызға үлкен пайда әкеледі.

Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, келушілердің мемлекет аумағында жұмыс істеуіне құқы болмайды. Ақы төленетін еңбекке араласуына да рұқсат жоқ. Визасыз режим тек туристік және іскерлік қарым-қатынасты дамытуға арналады.

Авторлары: Рухани Асқар, Әнуар Абдрахманов, Ернар Нысанбай