Қарулы Күштер қатарында 7 мыңға жуық әйел жұмыс істейді

Бүгінде ел тыныштығы жолында қыз-келіншектер де аянып қалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар ерлермен бірдей нардың жүгін арқалап, әскери міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Қазір Қарулы Күштер қатарында 7 мыңға жуық әйел жұмыс істейді.

«Әскери адам» дегенде, алдымен көз алдыңа ер адамның келбеті елестері анық. Тек жігітке тән қызметтерде бүгінгі күні нәзік жандар да қалыспай, сап түзеп жүр. Солардың бірі – Сарагүл Әбдікәрім. Ұлтқа қызметті абыройлы міндет санаған ол Қорғаныс саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл салаға кездейсоқ тап болмапты. Оның айтуынша, мамандық таңдауда әкесінің рөлі айырықша болған.

Сарагүл Әбдікәрім, Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бастығы:

- Осы мамандықты таңдауда әкемнің рөлін айтуға болады. Ол кісінің рөлі бөлек. Кішкентай кезімізден біздің апамыз, рулас Әлия Молдағұлованы мысалға келтіретін. Мықты болу керек, халықты ойлап, елімізді сүйіп, сондай адал азамат болуға тілектес болатын. Әкемнің сөзін тыңдап, есте сақтап, әскери мамандығын таңдадым. Еліміздің қауіпсіздігі жолында қызмет етем деп, сондай шешім қабылдадым.

Сарагүл Қажатқызының қызметі аса ыждағаттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі ол Қазақстан мен өзге елдер арасындағы ынтымақтастықты орнатып, бітімгершілікті қадағалайды. Халықаралық шарттар жасауда заңнаманы ескере отырып, әрбір құжаттың қатесіз жазылуы да оның тікелей міндетіне кіреді. Әйелдер арасында екінің бірі иегере бермейтін бұл салада қызмет ету үшін бастысы, жұмысыңды сүю керек, - дейді Сарагүл.

Сарагүл Әбдікәрім, Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бастығы:

- Біздің салада жұмыс істеу үшін әйел адамның бойында қасиет болуы тиістері ол – жұмысқа сүйіспеншілік, Отанға сүйіспеншілік, адалдық, төзімділік, адамдармен тіл табыса білу. Және біз халықаралық ынтымақтастық құрып жатқаннан кейін дипломатиялық қасиеттер болу керек адамның бойында, әйелдердің бойында.

Темірдей тәртіпке төзіп, ерлермен иық тіресе жұмыс істейтін нәзік жан ай сайынғы әскери нормативтік сынақтан өтіп тұрады. Бірнеше шақырымды жүгіріп өтіп, атыс қаруларын шебер бағындырады. Еңбекқорлығының арқасында Мемлекет басшысының алғыс хатына да ие болыпты. Жан-жақты Сарагүл тіпті бірнеше тілді меңгерген. Қызмет талабы – сол, - дейді. Бүгінде ол іссапармен 27 елде болған.

Сарагүл Әбдікәрім, Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бастығы:

- 2001 жылы департаментке келіп, 2006 жылы мен бірінші рет шетелге шықтым. Ол кезде департаментте жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл болды. Сол кезде мен кішкентаймын, тәжірибем жетпейді деп ойламаппын. Сол басшылығымның сенімін атқарамын деп алғашқы рет шетелге шықтым. Америка Құрама Штаттары, Канада, Ресей, Тәжікстан, Еуропа елдері, Италия, Испания, жақын арада Қытайда болдым.

Жауапкершілігі мол шенді қызмет пен үй шаруасын да қатар алып жүрген нәзік жан туыстарына жиі көңіл бөлуге тырысады. Сарагүлдің бауырлары әпкелерімен марқайып, оны үлгі тұтып отыр.

Дінмұхаммед Қажат, С. Әбдікәрімнің інісі:

- Тәтемді үлгі тұтам. Өйткені тәтем Қорғаныс мамандығын таңдап, өз еліне қызмет етіп жатыр. Оның жақсы қасиеттерін түсінуге тырысамын және өзіме алуға тырысамын.

Медина Қажат, С. Әбдікәрімнің сіңлісі:

- Тәтем өте еңбекқор. Бұл жеңіл жұмыс емес. Сондықтан біз түсінушілікпен қараймыз. Көп уақыт өткізгіміз келеді. Бірақ біз түсінеміз, қолдаймыз.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарында жұмыс істейтін әйелдердің саны 7 мыңға жуықтайды. Олардың 868-і офицерлік құрамда, ал 6080-і – сержант пен қатардағы әскерилер. Батылдық пен ерлікті, төзімділік пен қайсарлықты бойына сіңірген Сарагүлдей нәзік жандардың жолы көпке үлгі болары сөзсіз.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов.