Петропавлда өрттен үйсіз қалған тұрғындар баспаналы болады

Әзірге олар мектепке жайғастырылды.

Эвакуациялық пункте баспанасыз қалған 20-дан аса адам бар. Оларға барлық жағынан көмек көрсетіліп жатыр. Төсек-орын, азық-түлік, керек жарақтың бәрі жеткізілді. Мамандар қазір шығын көлемін есептеуге кірісіп кетті. Кеше кешке қалада қамыс жанып, 9 үйдің күлі көкке ұшқан болатын. Тілсіз жаумен күресуге 140 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында әскерилер, теміржолшылар мен коммуналдық ұйым жұмысшылары да бар. Зардап шеккен тұрғындармен облыс әкімі Айдарбек Сапаров кездесті.

Эльмира Сәдуақасова қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Екі - үш күн олар осы эвакуациялық пункті паналайтын болады. Кейін уақытша баспанамен қамтылатын болады. Тұрақты баспана мәселесін шешу бойынша арнайы комиссия құрылды. Мәселе міндетті түрде шешіледі.