Соғысты мұхитта бастап, Жапонияға дейін барған майдангер мерекеде мерейге бөленді

Соғысты мұхитта бастап, Жапонияға дейін барған майдангер мерекеде мерейге бөленді

Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматын көріп, отты жылдарды бастан өткерген ардагерлердің бірі Ысқақ Құсайынов.

Талдықорған қаласында тұратын қарт майдангер өмірінің бес жылын мұхит толқынында, от пен оқтың ортасында өткізген. Соғысты батыстағы ұрыстан бастап, Жапонияда аяқтаған ол, елге келген соң білім беру саласында еңбек етті. Мереке қарсаңында қарт ұстазды мектеп оқушылары келіп құттықтады.   

Бейбітшілік бесігінде тербеліп өскен балалардың құрметі қарт майдангердің мерейін өсіріп, көңілін көтерді. Тәуелсіз елдің ұландары ардагерге сыйлықтарын табыс етіп, періште пейілімен өлең жырларын арнады. 

- Енді соғыс болмасын, Өртенбесін туған ел.

- Шайқалмасын асқар бел.

- Алақай-ай, әйгілі, Тоғызыншы май бүгін,

- Алғаш күні шаттықтың,          

- Соңғы күні қайғының. 

Ысқақ Құсайынов Алакөл ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 18 жасында әскерге шақыртылып, Тынық мұхит флотына қабылданыпты. 

Ептілігімен ерекшеленген жас жауынгерге зенит және пулемет қаруы сеніп тапсырылады. Техника тілін жетік меңгерген ол құралайды көзге атқан мерген екенін сан мәрте дәлелдейді. Тіпті әуеден шабуылдаған ұшақты құлатқан кездері болыпты. Қарт майдангердің жасы биыл жүзге келді.  

Басынан алған жарақаты сыр беріп, жадынан жаңылдырса да қария аузынан ақ батасын тастаған емес.

- Мен бата берейін, жас қыздарымызды жас ұлдарымызды екеуін қатар өсіріп ойлаған мақсаттарына жеткізе көр. Әумин.

Соғыстан кейінгі ғұмырын Ысқақ ақсақал білім беру саласына арнап, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Қырық жыл бойы атқарған қызметіне орай «Еңбек қызыл ту» орденімен және еліміздің «Еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапатталды. Ұлағатты ұстаз балаларды оқытудың өзіндік әдістемесін әзірлеген.    

Гүлсінжан Ысқаққызы, соғыс ардагерінің қызы:

- Әкем сегіз баланы бірден тақтаға шығаратын шкаф ойлап табады. Соның нәтижесінде бұл кісіні Москваға ВДНХ да көрме болды. Сол көрмеге өзінің шкафтарымен анам екеуі барып бәріне таныстырып, шкафтың тиімділігін түсіндіріп айту барысында бұл кісілердің еңбегі жақсы бағаланды. Бағалану барысында ВДНХ ның алтын медалін беріп марапаттады. Анама қола медаль берілді. 

Жетісу облысында соғыс ардагерлері мен осы санатқа теңестірілген азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін биыл 156 млн теңге бөлініп отыр.

Ермек Мизамбаев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының міндетін атқарушы:

- Соғысқа қатысқан кісілерге коммуналдық шығынын өтеу үшін 250 мың теңге жолданды. Сонымен қатар мерекеге орай 1,5 млн теңге шотына жіберілді. Бізде облыста 2500 тыл ардагері, соғыс ардагерлерінің жұбайлары, ардагерлерге теңестірілген азаматтарға 60-150 мың теңгеге дейін бір реттік төлем жолданды. Материалдық төлемдерден бөлек біз өздерінің қажеттіліктеріне қарай санаторлық курорттық емделуге жолдаманы тегін берудеміз.

Жетісу облысында жеңістің 78 жылдығын сегіз ардагер қарсы алмақ. Мерекеде Отан үшін от кешкен қарт майдангерлерге құрмет көрсетіліп, «Ер есімі ел есінде» атты тағылымды шаралар өткізіледі. 

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов