Қазақстандық қос жауынгер АҚШ-тағы байқауда үздік болды

Қазақстандық қос жауынгер Америкада өткен байқауда үздіктер сапынан көрінді.

Мұхиттың арғы жағындағы әріптестерін кәсіби шеберлігімен мойындатқан Нәзира Әлбосынова. Ол әскери-әуе күштерінде қызмет етеді. Ермек Зайлағи, Ақтаудағы теңіз жаяу әскері бригадасының сержанты. Елге абыроймен оралған сарбазды ұжымдастары зор қошеметпен қарсы алды.

Ермек Зайлағи Азизона штатындағы ұлттық гвардия базасында 20 шақырымдық жорықта жүгірген сәтін смартфонға түсіріп алған. Қазақстандық жауынгер мәре сызығын сегізінші болып кесті. Марафонға бірнеше елден 60-қа жуық әскери қызметші қатысқан. 

 №25744 теңіз жаяу әскері бригадасының жеке құрамы салтанатты сапта тұр. Сарбаздар мен офицерлер қазақ елінің намысын қорғаған қарулас жолдасын қошаметпен қарсы алды. 28 жастағы жауынгер Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының түлегі. Гвардия 3-сыныпты сержанты Қазақстан қарулы күштерінің үздік сержантын анықтайтын сайыста бірнеше рет топ жарған. Жуырда болған  бүкілармиялық байқауда абсалюттік чемпион атанды. 

Ермек Зайлағи, гвардия 3-сыныпты сержанты:

- Сол қорытындымен Америка Құрама штаттарында елдің абыройын қорғау бұйырды. Ондай айтарлықтай қиын болған жоқ. Күндегі сол жүгіріс, жауынгерлік дайындық. Әскери киіммен және артта вещмешок деп айтамыз, яғни 15 келілік сөмке болды. 35 фунттан кем болмауы керек болды. Сондай жүкпен 20 шақырым жер жүгіру керек болды. 

Бригада құрамындағы зениттік дивизион сержанты жауынгерлік және дене даярлығы жөніндегі нұсқаушы қызметін атқарады. Бес жасынан бастап жеңіл атлетикамен шұғылданған. Әскери көпсайыстан спорт шебері әріптестеріне үлгі. 

Рүстембек Дәрменбаев, зениттік дивизион командирінің орынбасары:

- Ол бұл жолы ғана үлкен жетістікке жетіп отырған жоқ. Оны 2022 жылы Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің «Әскери тарланы» атағына ие болған әскери қызметші ретінде жақсы білемін. Отбасында жақсы отағасы. Футболдан, қоян-қолтық ұрыстаөзінің  жеткен жетістіктері бар.

Ермек Азаматұлы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тумасы. Армиялық жарыстарға 2015 жылдан бері үзбей қатысып, сан рет жеңімпаз танылған сарбаз. 

Қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберіне үміткерге Отан қорғаушылар күні кезекті әскери шен және «Ел қорғаны» медалі беріледі.  

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев