Қызылордада Мәңгілік алауға гүл қою рәсімі өтті

Қызылордада Жеңіс күніне орай «Тағзым» алаңында мәңгілік алауға гүл қою рәсімі өтті.

Шараға ардагерлер бастаған Сыр жұртшылығы қатысты.

Екінші дүниежүзілік соғысына Сыр өңірінен 70 мыңдай сарбаз аттанды. Оның жартысына жуығы майдан даласынан оралған жоқ. «Тағзым» алаңына жиналғандар боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Санаулы ғана қалған соғыс және тыл ардагерлеріне қамқорлық жасау, оларды жан-жақты қолдау біздің қызметіміздің басты бағыты болып қала береді. Осы қасиетті күні отанға деген нағыз сүйіспеншілік пен патриоттықтың адалдық пен қайсарлықтың нағыз үлгісі бола білген қаһарман жауынгерлердің рухы алдында бас иіп тағзым етеміз.

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімін облыс әкімі мен ардагерлер бастады.

Төлеш Әлиев, тыл ардагері:

- Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Әкеміздің, ағамыздың қаныменен келген жеңіс. Біз бала күнімізде осының бәрін біліп, көріп, қиындығын көріп өстік.

Төлеген Анасбайұлы, тыл ардагері:

- Енді бұдан былай соғыс болмасын, жастарымыз жақсы өмір сүрсін, бейбітшіліктің қызығын көрсін.

Сұрапыл соғыс жылдары Сыр елінің 21 азаматы Кеңес Одағының батыры атанды. 20 мың қызылордалық жауангер орден, медальдармен марапатталды. Ал Жеңістің 78-ші көктемін облыс бойынша 6 майдангер мен 2 мың 408 тыл еңбеккері қарсы алып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев