Ту сыртыңнан келгенін білмей қаласың: самокат тізгіндеушілер проблемаға айналды

Қаладағыларға электр самокаттар қауіп болып барады.

Жаяу жүргінші жолын осылар босатпайды. Ызғып жолға да шығады, елдің де үрейін қашырады.

Депутаттар осы мәселені қолға алды. Жаңа заң жобасы бойынша самокат иелері жүргінші жолына шықса жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауға тиіс. Одан басқа тағы қандай талаптар бар?

Елде жыл басынан бері самокатшылардың қатысуымен 40-тан астам апат болды. Ішкі істер министрі Мәжілісте осылай деді. Енді көліктің осы түріне қатысты заң қатаңдатылмақ. Біріншіден, көлік жолағымен жүру үшін самокатшы 18 жастан асқан және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. Сосын шлем және жарық шағылыстыратын арнайы киім киюі де міндеттеледі. Бұл ережеге бағынған самокатшы сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Және өзімен бірге жүк немесе жолаушы тасымалдауына тыйым салынады.

БЛИЦ:

– Сіз қандай жылдамдықпен жүресіз?

– 25 км/сағ автобус линиямен, ал осылай трjтуарда 15 км/сағ. Светоотражающий бар мына сөмкеде.

– Адамдар велосипедпен де, самокатпен де жүреді. Шлемсіз-ақ айдап жүрген балалар көп. Одан біреудің зардап шеккенін көрмеппін. Оларға жүргізуші куәлінінің не қажеті бар? Менің ойымша, бұндай талаптардың қажеті жоқ.

– Мен жостарыммен самокат качелініп жүргенде, соғылып құлайтынбыз. Бірақ қатты андай травма болмайтын. Жай ғана шынтағымды ауыртып алатынмын.

– Веложолдармен қандай жылдамдықпен жүресіз?

– 25.

– Ал тротуармен?

– Тротуармен адамдар көп болса, қатты жүрмеймін.

Ал тәртіпке бағынбағандар жазаланады. Егер, электросамокат тізгіндеуші жылдамдықты асырса, 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Депутаттардың пайымынша бұл талаптар жаяу жүргіншілердің жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. 

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір жаяу жүргіншілер мен электрлі самокат жүргізушілері бір санатта қарастырылады. Оларға сай ешбір норма жоқ. Сондықтан біздің бастапқы мақсатымыз осы электрлі самокаттарды құқықтық алаңға енгізу болды. Заңның қолданысқа енгенінен кейін тиімсіз тұстарын байқасақ, реттеуші механизмдерін өзгертіп, жарты немесе 1 жылдан кейін қайта қарастырамыз. Бұл - реттеудің бірінші кезеңі.

Ал Қазақстанның экологиялық транспорт қауымдастығы бұл өзгерістерге қарсы. Ұйым басшысы Ануар Жүсіповтың айтуынша, Мәжіліс қабылдаған заң жобасы электросамокат пайдаланушыларын қатты шектейді. Егер самокатшыларға осындай талап қойылса, онда велосипед пен мопед жүргізушілеріне де ережені қатаңдату керек дейді.

Әнуар Жүсіпов, ҚР Экологиялық көлік қауымдастығының директоры:

- Менің ойымша заң бұл көлік түрінің қозғалысын тым шектейді. Өйткені жүргізуші куәлігінің болуы тек электр самокаттарға қатысты. Ал сағатына 50 шақырым жүретін мопед жүргізушілеріне мұндай талап жоқ. Яғни жол қозғалылысын реттеудің бірыңғай жүйесі жоқ. Статистикаға сүйенсек, былтыр Алматыда самокатпен 7 миллион рет жүрген. Биыл бұл көрсеткіш 12 миллионға жетуі ықтимал. Бұл таксимен жүрген сапарлармен парапар.

Электросамокат біраз мегаполистің бас ауруына айналған. Мысалы, АҚШ-тың кей штаттарында оған тыйым салынған. Парижде бір ай бұрын көліктің бұл түрін шектеу туралы референдум өтіп, көпшілік қарсы дауыс берді. Нәтижесінде күзде электр самокаттар Париж көшелерінен кетеді. Мәскеуде оларға жол ережесінде арнайы статус белгіленген. Ал біздің елде самокатқа қатысты депуттаттар болашақта тағы бір түзетулер топтамасын енгізуді көздеп отыр. Онда инфрақұрылым мәселелері реттелмек.

Ғазиза Мұхамеджанова, Ерлан Наурызбаев