«АрселорМиттал Теміртау» АҚ үстел теннисінен чемпионат ұйымдастырды

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның басшылығы табыстың кілті ұжымның бірлігінде, жұмысшылардың саламатты өмір салтын ұстануында деп біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол себепті мұнда түрлі спорттық сайыстарды жиі өткізуді дәстүрге айналдырған. Жуырда кәсіпорынның Бас директорының Кубогы жолында үстел теннисінен чемпионат ұйымдастырылды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да спортты серік еткендер аз емес. Әсіресе үстел теннисіне қызығушылар қатары артып келеді. Биыл бірінші рет ұйымдастырылған чемпионатқа іріктеуден өткен шын шеберлер жолдама алыпты.

Владимир Яблонский, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры:

- Біз үшін теннис – спорттың ерекше түрі. Кәсіпорын алаңдарында, цехтарда теннис үстелдері қойылған. Жұмыстан бос уақытында, түскі үзіліс кезінде қызметкерлер теннис ойнай алады. Біз ұжымдағы спорттық бастамаларды қолдаймыз. Теміртаудан талай спорт тарландары түлеп ұшқан.

Нұржан Тұрсынов, компанияның сектор басшысы:

- Осындай жарыстар өте маңызды. Жұмысшылардың саламатты өмір салтын ұстануына септігін тигізеді. Жұмыс орнымызда спортпен айналысуға жағдай жасалған. Қатысушыларға сәттілік тілеймін!

Сайыстың ашылу салтанатына әлем және Азия чемпионы Алан Құрманғалиев пен үстел теннисінен ұлттық құраманың бас бапкері Эльмира Әлиева қатысты. Арнайы шақырылған мәртебелі меймандар болат балқыту цехтарында болып, жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысты. Құрыштың қайнау температурасын өлшеп, химиялық сараптамаға сынама алды.

Алан Құрманғалиев, әлем чемпионы:

- Мынадай үлкен кәсіпорынға алғаш рет келіп тұрмын. Өте қызықты екен. Түрлі құрал-жабдықтардың жұмысын көрдім. Сондай цехтарда өзімді толық қауіпсіздікте сезіндім.

Кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі басты назарда. Емен-жарқын әңгіме барысында кәсіпорынның бас директоры Владимир Яблонский желілерді жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу жайын баяндады. Спортшыларға кәдесыйлар мен медальдар табыс етті. Жарыс қорытындысында 37 қатысушы арасынан Андрей Вершинин жеңіс тұғырына көтеріліп, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

 Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.