Halyk Bank әлеуметтік осал топтағы елорда тұрғындарының үйіне газ тартып береді

Яғни, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлермен қатар мүгедектігі бар жандар көгілдір отынмен қамтылады.

Астана әкімдігі мен Halyk Bank «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарындағы 100 жеке үйді тегін газдандыру туралы меморандумға қол қойды.

Айгүл Дүйсенбаева жалғызбасты ана. Қолында қарайлайтын мүгедек анасы бар. Жер үйде тұрғандықтан күн суыса пеш жағып, күл шығару да оның мойнында. Жақында газ келеді дегенді естіп, қуанып жүр. «Көмір мен ағаш тасу машақатынан құтылатын болдым», - дейді.

Айгүл Дүйсенбаева, қала тұрғыны:

- Маған газ орнатып береміз деп айтты. Екі-үш күнде. Үйде анам екеуміз тұрамыз. Мүгедек анам бар. Көмір аламын, от жағамыз. Қиындық көп жер үй болғасын.

Halyk Bank бұл игі іске 230 млн теңге жұмсамақ. Яғни Астанадағы 100 үй мен Алматы қаласындағы Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарындағы 130 үйді толықтай көгілдір отынға қоспақ. Банк Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, Halyk газдандыру мәселесін шешуге бірнеше жыл бойы өз үлесін қосып келеді.

Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрағасы:

- 2021 жылы банк Алматыда жалпы сомасы 93 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырды. Сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен несие берудің жеке бағдарламасын іске қостық. Газдандыру жобасын  кеңейтіп жатырмыз. Отандастарымыздың неғұрлым осал топтарына көмектесуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға барынша үлес қосуға тырысамыз.

Астанадағы «Алматы» мен «Сарыарқа» аудандарына табиғи газ толық тартылған. Шамамен 12 мың үй көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін газдандыру шығындарына 450 мың теңге көлемінде өтемақы көзделген. Сондай-ақ құны 150 мың теңгелік есептеу құралы тегін беріледі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев