Алматыда балаларға арналған оңалту курсы жалғасуда

Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту курсы жалғасуда.

Тегін жоба аясында дімкәс балалар атқа мініп, ролик теуіп, шаңғымен сырғанай алады. Жаңа емдеу тәсілі аутизм, церебральды сал ауруы, Даун синдромына шалдыққандарға арналған.

Қала тұрғыны Николай Сербин сал ауруына шалдыққан баласын тау бөктеріндегі оңалту орталығына осымен екінші рет алып келген. Оның айтуынша, сөйлей алмайтын ұлының жағдайы жарты жылда едәуір жақсарып қалыпты. Балалар атқа мініп, ролик теуіп физикалық жаттығу жасаған кезде кенжелеген ағза әдеттегіден жылдам дамиды екен.

Николай Сербин, қала тұрғыны:

- Таза ауадағы жаттығулар баланың дамуын арттырады. Баламның айналасымен байланысы жақсарып, сабырлы бола бастады. Әңгімелесу де бұрыңғыдай қиын емес. Әріптерді дұрыс дыбыстап үйреніп жатыр. Ұлымның жағдайы жақсара түскені осы бағдарламаның арқасында.

Гүлмира Нүсіпова, қала тұрғыны:

- Ештеңеден қорықпай барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Өздері алып келіп, оңалту сабағын өткізіп қалаға жеткізіп тастайды. Таза ауамен тыныстап, бізде тынығып қаламыз. Күдігі көп ата-аналар осы жерге келіп оңалту курсын өз көздерімен көрсе болады.

Қала мен демалыс орталығы арасында тегін автобус жүреді. Білікті мамандар күніне екі сағат сабақ жүргізеді. Мұнда 4 жастан 25 жасқа дейінгі 100-ге жуық дімәстар оңалту курсынан тегін өтіп жатыр. Оңалту әдістері негізінен аутизм, церебральды сал ауруы, Даун синдромына шалдыққандарға арналған.

Артур Утепов, оңалту лагерінің менеджері:

- Осында келген бірқатар балалардың тасадағы таланты ашылып жатыр. Мысалы, бір оқушымыздың есептеу қабілеті бәрімізді таң қалдырды. Ол алгебраны басқа балаларға үйретіп жүр. Тіпті, неміс, қытай тілдерін білетіндер де бар екен. Осындай жақсы нәтижені көрген кезде емдеу бағдарламасының пайдалы екенін түсіндік.

Ал ата-аналар болса жергілік билік пен мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы кәмелеттік жасқа толмағандарға білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік тұрғыда қолдауды тапсырған болатын.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов