Шымкентте көшеде полицейді шақыратын SOS батырмалары орнатылып жатыр

Шымкенттік полицейлер жәбірленушінің арызын қабылдаудың жаңа жүйесін іске қосты.

Әзірге SOS батырмасы бар құрылғы халық көп шоғырланатын орындарға орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Осылайша өміріне қауіп төнген тұрғындар мен құқық бұзушылықтың куәгерлері жедел басқару орталығымен тікелей байланыс орната алады. Сондай-ақ цифрлық жүйенің тағы бір игілігі қоғамдық автобустарда пайдаланылып жатыр.

Дабыл жүйесі бар батырма Қонаев даңғылы мен Тәуке хан көшесінің қиылысына орнатылды. Осылайша полицейлер халық көп шоғарланатын аймақта қоғамдық тәртіпті күшейтпек. Кез-келген қауіптен сезіккен тұрғындар SOS жүйесіне жүгініп, көмек сұрай алады.

Алмагүл Оспанова, қала тұрғыны:

- Пешеходный переходта машиналар тұрады. Тротуарда машиналар тұрады. Сол жағынан тәртіпсіздік бар. Риза болмаған нәрсені айту үшін сен полиция учаскесін іздеп жүру уақыт алады. Ал мынандайлар көп болса ойыңды айтып кете бересің. Менің ойымша барлық жерге орнатылуы керек. Қаланың шеті, орталығы деудің қажеті жоқ. Жаман адам барлық жерде бар.

Бір аптаның ішінде 10 адам өз арызын осы құрылғының көмегімен полицияға тіркеді. Олар бұзақыдан төнген қауіп пен қолды болған құнды заттары үшін арызданған. Полицейлер қылмысты жедел ашу үшін әрбір секунд маңызды деп есептейді.

Нүркен Нұралиев, қалалық ПД Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы:

- Кез келген жағдайда дабыл батырмасын басып, қоңырау шалуға болады. Ұрлық пен бұзақылықты қоспағанда, өзін жайсыз сезінген тұрғындар да полицейге иек арта алады. Барлық азамат та ұялы телефон бола бермейді. Кейде қуаты сөніп қалуы да мүмкін. Осындай кезде шұғыл әрекет етіп, жедел басқару орталығынан көмек сұраса болады. 

Жоспар бойынша жыл соңына дәл осындай 25 құрылғы қаланың әр қиырына орнатылады. Сондай-ақ құқық бұзушылықты алдын-алу мақсатында автобустағы бейнебақылау жүйесі де жедел басқару орталығына қосылып жатыр. Өйткені жол ережесін елемейтін жүргізушілер көбейді. Әзірге пилоттық жобаға 50 қоғамдық көлік қосылды. 

Асқар Әліпбаев, қалалық ПД Жедел басқару орталығының бастығы:

- Автобус іс шарасын өткізіп тұрамыз. Солардың арқасында 1300 дей әкімшілік хаттама толтырған болатынбыз автобус жүргізушілеріне. Әр түрлі бабтармен. Екінші полосадан тоқтап, жолаушыларды түсіреді. Жылдамдықты асырады. Солардың бәрін анықтап, алдын алу мақсатында камераларды жедел басқару орталығына қостық.

Камераның қырағы көзі тәртіп бұзушылықтың тиылуына сеп болды, дейді полицейлер. Алдағы уақытты барлық автобустағы бейнебақылау жүйесі жедел басқару орталығына қосылмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов