Ақмола облысы Қараөткел ауылында мектеп қашан салынады?

Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында мектеп жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы 2 мектепте оқушы саны артық болғандықтан, тұрғындардың көбі балаларын қалаға тасып әлек.

Ал осы елді мекендегі мектепке деп белгіленген жер телімі әлі бос тұр.

Қараөткел Астана іргесіне тиіп тұр. Сондықтан болар ауыл аумағы ұлғайып барады. Мұндағы тұрғындарға 2 мектеп аздық етіп отыр. Әу баста 1-шағын ауданда жаңа білім ордасы бой көтереді дегенді естіген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі жергілікті билік ол мектепті 19-шағын ауданға салуды ұйғарған.

Тұрғындар:

- 2012 жылдан бері мына жерге бізге үлкен мектеп салынады деп айтты. Неге 19-шағын ауданға беріледі ол мектеп? Бізде 1-шағын ауданы балалары бар. 13-шағын ауданының балалары бар. 3 баламның барлығы қалада мектепте оқиды. Себебі бізді 69-шы мектепке алған жоқ. Ал екінші мектепке тасу өте қиын.

- Үлкен немерем 1-сынып оқиды. Соны арқалап, анау трассаға дейін өзім таситынмын. Қазіргі уақытта 2 немерем бар. Оларды 10 шақырым, анау жақта салған мектепке қалай тасимын?

Тұрғындардың шағымынан соң аудан әкімдігіне бет алдық. Онда аталған мәселе бойынша бізге Целиноград ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Дәулет Төлеубеков жауап берді. Оның айтуынша, Қараөткелде жоспар бойынша 2 мектеп салу көзделген. Әуелі 19-шағын аудан аумағында  «Жайлы мектеп» бой көтереді. Ал оның құрылысы 5 гектарға таяу жерді қажет етеді. Ал 1-шағын аудандағы белгіленген жер телімінің көлемі 3 гектарға жетер-жетпес. Сондықтан аумағы жайлы мектепке сай емес, - дейді.

Дәулет Төлеубеков, Целиноград ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- 2,8 га 1-шағын ауданда. Спорттық алаңдарды орналастыруға конфигурациясы ыңғайсыз болды. Баскетбол, футбол, жүгіру алаңдары болады. Солар сыймайтын болғандықтан, 19-шағын ауданы қарастырылды. 1-шағын ауданына болашақта мектеп салынады. Қуаты 600 орындық шамасында болады.

Астана iргесiнде орналасқан бұл ауылда бейресми дерекке сүйенсек, 25 мыңнан астам адам тұрады. Ал ондағы 2 мектепте де оқушы көп. 300 орынға арналған ескі оқу ошағында 500-ден астам бала оқиды. Ал екінші мектеп 1200 орынға шақталған. Ондағы бала саны қазір 1700-ден асып кеткен. Ал 1-шағын ауданда салынатын 600 орындық мектептің құрылысы қашан басталатыны белгісіз.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Таир Мерекенов, Наурызбай Құрманғазы.