Елде қоқыс сұрыптау мәдениетін қалай дамытамыз?

Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады.

Соның небәрі 25%-ы ғана қайта өңделеді. Қалған 75%-ы қоқыс полигондарының аумағын кеңейтуде. Себебі сұрыптау кәсіпорындары барлық аймақта жоқ. Елдегі 200-ден аса қала мен ауданның тек жартысында ғана қоқыс қайта сұрыпталады. Экология қорғаушылары: «жағдайды түзеу үшін тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін кеңінен насихаттау қажет», - дейді.

Людмила Евженкова, экобелсенді:

- Үйге бірнеше қорап қойыңыз. Сосын оның ішіне аз-аздан қағаз, пластик, метал қалдықтарын бөліп салыңыз. Кейін, бұл процестің қаншалықты тартымды екеніне көзіңіз жетіп, сұрыптаудан басқа да экологиялық әдеттерді өміріңізге енгізе бастайсыз. Сонда, санаулы топқа басқа адамдар да қосылып, ортамыз кеңейе түседі.

Адамдар әртүрлі. Әркімнің тәрбиесі, түсінігі, мәдениеті әрқалай. Бұл экология қорғаушысы Людмила Евженкованың қалдықтарды сұрыптау жайындағы пікірі. Кейбір тұрғындар қоқыс сұрыптауды саналы түрде қолға алса, енді бірі керісінше, айналасын ластайды.

Елордалық қоқыс шығарушы компания ай сайын қала аумағынан 23 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарады.

Еркебұлан Нұркеев, қоқыс жинайтын кәсіпорын директоры /Астана:

- Күн сайын қоқыс таситын көліктер бекітілген 83 маршрутқа шығады. Сары және торлы контейнерлер ақ түсті қоқыс тасығыштармен, және де металл және жасыл контейнерлер сарғыш түсті арнайы қоқыс тасығыш техникалармен шығарылады.

Тұрғындар бар болғаны қоқысты түрлі-түсті контейнерлерге бөліп салуы қажет. Бірақ елде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениеті дамымаған. Экология жанашырлары осыны алға тартып отыр. Қалаларда арнайы жәшіктер орнатылған. Қажетті инфрақұрылым да жасақталған бірақ, бей-жай қарайтындардың қарасы көп.

Мәриям Қасымова, экотренер:

- Алдымен қоқысты дұрыс сұрыптауды үйретіп, содан кейін ғана арнайы жәшіктерді орнату керек еді. Пилоттық жоба 2018 жылы басталды. Бірақ, сұрыптау мәдениеті әлі қалыптаса қоймады. Әрине жылдан-жылға беталысымыз жақсарып келеді. Бірақ, тұтас қаланың өлшемімен салыстырсақ, бұл аздық етеді.

Қағаз, шыны, пластик секілді қайта өңделетін қалдықтар сары контейнерге салынады. Өңдеуге жатпайтын өзге қоқыс жасыл контейнерге жөнелтіледі. Биылғы 1-тоқсанда жиналған тұрмыстық қалдықтың 23%-і сұрыпталып, қайта өңделген.

Абылай Алмұханов – ҚР ЭТРМ қалдықтарды басқаруда Мемлекеттік саясат департаментінің басқарма басшысы:

- Қалдықтармен жұмыс жасау негізі кешенді түрде жүргізілуі керек. Қалдықтар түзілген кезден бастап, оларды бөлек жинау, тасымалдау, одан әрі сұрыптау. Сұрыптағаннан кейін пайдалы фракцияларды қайта өңдеу, содан кейін көму операциялары жүргізілуі керек. Бұл жалпы қалдықтармен жұмыс жасаудың дұрыс иерархиясы болып табылады.

Жаңа Экологиялық кодексте полигондарға қоқысты сұрыптамай көмуге тыйым салынған. Қалдықтарды бөлек жинаудың жаңа ережелері бекітілді. Әкімдіктер полигон құрылысын бастаған кезде оның аумағында сұрыптау желісін орнатуға тиіс. Бүгінде ел бойынша 30-ға жуық сұрыптау желісі жұмыс істейді. Қалған елді мекендер қалдықты бұрынғыша қолмен сұрыптауда. Халықаралық сарапшылар әлемнің озық елдері қайта өңдеуге ұзақ жылдар бойы қадам-қадаммен қол жеткізгенін айтады.

Конрад Альбрехт, тұрақты даму саласындағы сарапшы:

- Қалдықтарды сұрыптау әркімнің қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі және саналы көзқарасы деп қарастыру керек. Мемлекетке немесе басқа компанияларға олар не атқарады екен деп қарап отырудың қажеті жоқ. Қалдықтарды сұрыптау деңгейі жоғары мемлекеттердің, мәселен, Еуропалық Одақтың жақсы тәжірибесін игеруге болады. Қалдықтарды сұрыптауды заң жүзінде талап ету керек. Сөйтіп, кәсіпорындар мен тұрғындарға кеңінен  насихаттап, ынталандыру маңызды.

«Ал біздің экологтар, елдегі қайта өңделетін қалдықтардың көлемі дамыған елдермен салыстырғанда көп емес», - дейді. Қалдықтарды сұрыптаудағы мақсат оны әрмен қарай кәдеге жарату. Бұл ретте еліміздің алдында 2030 жылға дейін қайта өңделетін қалдықтардың үлесін 40%-ға жеткізу міндеті тұр. Көздеген меженің іске асуына әрқайсымыз үлес қоса аламыз.