Қазақстанның дінаралық диалогқа қосқан үлесі зор

Қазақстанның әлемдік аренада дінаралық диалогқа қосқан үлесі зор. Рим қаласында өткен арнайы конференцияға қатысқандар осылай дейді.

Италияда дін өкілдері, «Сапиенца» университетінің оқытушылары мен студенттері, теологтар мен журналистер Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін талқылады. Еліміздің Италиядағы елшісі Ерболат Сембаев тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы конфессияаралық келісімсіз, діни толеранттылық және халықтың бірлігінсіз мүмкін емес деді.

Яхья Паллавицини, Италиядағы Ислам діни қауымдастығының вице-президенті:

- Қазақстан – Орталық Азия, бүкіл әлем, әсіресе Еуропа үшін керемет үлгі. Себебі ел билігі әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысында да, қоғамның әлеуметтік өмірінде де барлық діни конфессиялармен ынтымақтасады. Бұл – қазақстандық мәдениеттің бір бөлігі. Бұл – дінге қарсы саясатпен немесе саясатқа қарсы дінмен байланысты поляризациядан аулақ болу. 

Риккардо Ди Сеньи, Римдегі Еврей қауымдастығының бас раввині:

- Біз бәріміз жаңа, мейірімді әлем құрғымыз келеді. Бұл жерде діннің рөлі өте маңызды. Қазақстан – диалогқа жәрдемдесуде көшбасшы елдің бірі. 11 қыркүйектегі шабуылдан кейін саясат пен дінде ұзақ уақыт адасушылық болды. Қазақстан – әлемдегі діндердің рөлін түсінуді қолдайтын ел. Біз бұл бағытын құптаймыз.