«Құмар ойынға шалдыққандарды» емдейтін дәрігерлерді дайындау қолға алынды

Құмар ойындарға тәуелді адамдарды сауықтырудың клиникалық хаттамасы жетілдірілді.

Павлодардағы республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының дәрігерлері келешекте лудоманияға шалдыққандарға көмек беретін маман даярлаумен айналыспақ. Қазақстан үшін маңызды хаттама қазір Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына жіберілген. Егер ол бекітіліп жатса, ауруды емдеудің тиімділігі артады.  Жаңашылдық өз кезегінде психолог, нарколог және психотерапевт мамандардың біліктілігін арттыруға сеп болады.

Компьютер мен құмар ойындарға тәуелді жастардың саны артқаны туралы  мамандар осыдан 10 жыл бұрын дабыл қаққан. 2012 жылы жүргізілген зерттеуге 4 мыңдай адам  қатысып, нәтижесі көңіл көншітпеген. Қазір лудомания дерті дендеп барады, дейді мамандар. Жеңіл ақшаға құныққан 35  жастағы бұл азамат құрдымға кете жаздапты. Қаржы саласында жұмыс істеген ол құмар ойынға қалай салынғанын байқамай  қалған.   

Психикалық денсаулық орталығының емделушісі:

- Менің өмірімде айтарлықтай  өзгеріс бар. Бұрын тек ақша тауып ойын ойнаймын, ұтамын деген бір күндік алдамшы үмітпен өмір сүрдім. Қазір ондай ойдан түбегейлі арылдым - деп сеніммен айта аламын.

Әлеуметтік оңалтудың барлық сатысынан өткен ол өзгелерге құмар ойыннан аулақ жүруге кеңес береді. Орталықта емделіп жатқан науқастардың тағдыры бір. Кенжеғали қатты күйзеліске түскен. Диджей болып жұмыс істеген жігіт бар тапқанын ойынға салыпты. Бәс тіккен, ұтылған.

Кенжеғали, психикалық денсаулық орталығының емделушісі:

- Мен бәрін жоғалттым. Отбасымнан айырылдым. Менімен ешкімнің араласқысы келмейді. Осының бәрі құмар ойынның кесірі. Қарызға белшеден баттым. Алған ақшаны қайтарып бере алмадым. Адамдар маған  сенбейтін болды.

Мамандар құмар ойынның құрбандарын қалыпты өмірге бейімдеу оңай емес  дейді. Бұл кесел есірткіден де қауіпті. Өйткені жеңіл ақша қолжетімді. Смартфон болса жеткілікті. Психологтар мен наркологтар тәуелділіктен  арылтудың тың тәсілдерін тынбай іздеуде. Орталық мамандары қолға алған  жаңа әдістеме тиімділігін көрсете бастаған. 

Елена Акульская, психикалық денсаулық орталығының бөлімше меңгерушісінің м.а:

- Бұл күнделік сияқты. Ойынға тәуелді әрбір науқасқа таратамыз. Олар үй тапсырмасын орындайды. Одан кейін ол тапсырмаларды топ болып талқылаймыз және жеке  сабақтарда қайталаймыз.  Олар өздерінің бойындағы қиындықтарды іштей сарапқа салып,  тереңірек түсіне бастайды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда ойынқұмар ретінде барлығы 10 адам ғана тіркелген. Шынтуайтына келгенде, олардың саны миллионнан асып жығылады, дейді мамандар. Павлодардың психикалық денсаулық орталығы жаңа  хаттаманың бекітілгенін күтіп отыр. Бірақ ол қоғамның кеселін толық жоя алмайды. Бұл әлі толық зерттелмеген сала.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков