МӘМС: қаржыландыру көлемі көбейді

Қостанай облысында қымбат медициналық қызмет түрлерінің қолжетімділігі артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен байланысты. Осы бағдарламаның арқасында өңірдің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру соңғы 5 жылда екі есе өскен. Мысалы, 2019 жылы 40 млрд теңге болса, биыл 88,5 млрд теңгеге жетіп отыр.

Сақтандыру қорынан сондай-ақ буын ауыстыру операциясына және жүрек қан тамырлары жүйесін емдеуге қосымша қаржы бөлінген. Ал жүйке және онкологиялық аурулармен ауыратын ересектер тобы алғаш рет стационарлық оңалтудан өте алады. Бұрын мұндай медициналық көмек тек балаларға көрсетілетін.

Батырбек Нұрғалиев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  ҰАҚ ОФ директоры:

- 2019 жылы бізде 504 балаға оңалту көмегі көрсетілді. Ал өткен жылы 17 мың 630 адам стационарлық оңалтудан өтті. Жоғары технологиялық  медициналық қызметке бөлінетін қаржы да біршама артты. Нақты айтсақ, 7 млн тенгеден 1 млрд тенгеге, 140 есеге өсті. Біздің негізгі бағытымыз  – кардиологиялық жүрек қан тамырларына және бас, ми, мойын тамырларына кешенді нейрохирургиялық операциялар жасау.