Елде велосипед ұрлығы көбейіп барады

Жыл басынан бері 547 қос дөңгелекті қозғалыс құралы қолды болды.

Полицейлердің айтуынша ұрлық жаз мезгілінде артады. Демек, алдағы уақытта, баукеспелер теуіп кеткен велосипедтердің саны күрт көбеюі мүмкін. Ал мұның алдын алу үшін не істеу керек?

Ұрлықшылардың құрбаны болған тұрғынның бірі - Асар Заманбай. Елордалық осыдан екі жыл бұрын екі дөңгелекті темір тұлпарын үйінің кіреберісіне қалдырып кетеді. Содан кейін велосипед ұшты-күлі жоғалады. Айналаны толық қарап шыққанымен таппай, кейін қарақшының құрбаны болғанын түсінеді.

Асар Заманбай, қала тұрғыны: 
- Алдымен үй ауласынан іздедім. Әлдебіреу байқамай мініп кеткен шығар деп ойладым. Алайда еш жерден табылмады. Полицияға жүгінуге тура келді. Олар үй сыртындағы бейнебақылау камераларын тексерді. Сөйтсек велосипедті тамақ тасыған курьер ұрлаған екен.

Полицейлердің айтуынша, велосипед көбіне көпқабатты үйлердің кіреберісінде қолды болады. Аула мен демалыс орындарында да ұрлайтындар бар. Нарықта велосипед құны орта есеппен 70 мың теңге тұрады. Ұрлықшылар оны осы бағаға сатып, ізін жылдам суытады. Осының кесірінен қазір елорда тұрғындары 3 млн теңге шығынға ұшырап отыр.

Қанат Нысантаев, Астана қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
- Негізі тұрғындардың велосипедті қараусыз қалдырғанына байланысты ұрылықтар орын алып жатады. Шынымен адам өз мүлкін қараусыз қалдырып кетуіне байланысты ол ұрлықтың тиімді түрі болып саналады қазір. Оңай алып, көлік ретін айдап кете алады. Соны сатып күн көрудің амалы. Қылмыстың қолжетімді түрі болып тұр.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, ұрлық көрсеткіші көбейген.

Былтыр алғашқы 4 айда 542 велосипед ұрланса, оның саны биыл 547-ге өсті. Ал елордада керісінше ұрлық азайды. Көрсеткіштің жақсаруына бейнебақылау камераларының көбеюі себеп. Қазір полицейлер жаңа электронды базаны сынап жатыр. Оған 170-тен аса велосипед енгізілді.

Қанат Нысантаев, Астана қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
- Осында велосипедтердің бүкіл мағлұматтары тіркеледі. Оның жеке велосипед нөмері және оның түсі, маркасы, фотосуреті енгізіледі. Сол бойынша ертең ол велосипед ұрлаған жағдайда жедел іздестіру кезінде табуға үлкен көмегін тигізеді.

Бейнебақылау камерасы жоқ жерде ұрланған велосипедті табу өте қиын. Сол үшін полицейлер көлік құралдарын кез келген жерде қалдырмауды сұрайды.

Авторлары: Бекзат Аманов, Әзиза Зақымбаева, Ырыстанбек Оспанов