Оралда кәсіпкерлер халыққа жол салып берді

Оралдық кәсіпкерлер ақша жинап, тұрғындарға жол салып берді.

Сол көшенің бойында орналасқан бизнес нысандарының иелері бірігіп, асарлатқан екен. Бұған дейін құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып келген жұрт, қазір кәсіпкерлерге дән риза.

Бұл орталық базар аумағы. Осыған дейін шұрық-тесік болған Ахмиров атындағы көше қазір енді тақтайдай тегіс. Қаз-қатар тізілген сауда орындарының иелері бірігіп, жолды жаңғыртуға дәнекер болыпты.

Райса Бақтыгереева, қала тұрғыны:

- Мен осы көшеде тұрып жатқаныма 23 жыл уақыт болды. Осы уақытта осы жолда тесік болды, шұрық-тесік көше болып, балаларымыз көшеге шығып ойнай алған жоқ. Біздер жаздыгүні жаңбыр жауғанда мына тұрған базарға бару үшін аяғымызға резеңке етік киіп шығып, солай баратынбыз.

Артур Тасболатов, кәсіпкер: 

- Көршілес кәсіпкерлер жұмылып, жолды бірге салдық. Үйіміз де осы көшеде. Сондықтан бейжай қарамай, үлес қостық. Әркім өз ыңғайына қарай қаражат қосты. Мен 500 мың теңге бердім. Жол сапалы салынды.  

Тұрғындар ұзақ жылдан бері әкімдік пен мәслихаттың табалдырығын тоздырып, жолға қатысты мәселені айтумен келген. Әйткенмен, жол салу жоспары кейінге шегеріле беріпті. Ал биыл сайлау округінің депутаты кәсіпкерлерге қолқа салған.

Нұргүл Ашықова, қалалық мәслихат депутаты:

- Қазір тем более материалдардың қымбат екені белгілі. Бірнеше қаражат кетті, бірақ соған қарамай бұл кәсіпкерлер өздерінің осы жерде жұмыс жасауына жағдай жасау үшін осындай бір жақсы игі іс атқарылды. Көше жолы салынды да сосын әр кәсіпкер өзінің аулаларын, есіктерінің алдына, кіреберістерінің бәрін жасатқанда 10 млн үстінде қаражат кетті. 

Биыл қалада жер қойнауын игеруші компания мен мемлекеттік бюджет есебінен 45 шақырым жол жөнделеді. Шаһарда 615 шақырым жол болса, соның 25 пайызына асфальт мүлде төселмеген.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов