Семейде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті

Биыл Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж 120 жылдығын атап өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мерейтойға орай мұнда 300 орындық мәдениет сарайы салынады. Ал Шүлбі су электр станциясында айрықша жоба жүзеге асырылды. Аймақ журналистері осы және басқа да өндіріс нысандарының жұмысымен танысты. Баспасөз туры Абай облысы құрылуының бір жылдығына орайластырылды.

Семейде Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған тарихи ғимараттар аз емес. Соның бірі де бірегейі – Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж. Оқу орны 120 жылдық мерейтойға қызу дайындық үстінде.

Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры:

- 1,5 мың бала оқып жатқаннан кейін бұлардың басын қосып өткізетін орын тарлық жасаушы еді. Осыны көздей отырып, әкіміміз студенттерге арналған олардың мәдени шарасы өткізілетін педагогикалық оқу орнымызға мерейтой қарсаңында 300 орындық үлкен мәдениет сарайын салып бергелі отыр.

Семейдегі «Qazaq Astyq Group» зауыты май өндірумен айналысады. Кәсіпорын тәулігіне 1000 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын өңдейді. Қазір мұнда 3 кезеңнен тұратын жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Николай Ушаков, «Qazaq Astyq Group» ЖШС бас директоры:

- Бірінші кезең аясында майды экстракциялау зауыты салынды. Ол тәулігіне 1200 тонна күнбағыс өңдейді. Екінші кезең тазарту цехын, бөтелкедегі майды құю және буып-түю желісін салуға негізделген. Қазір осы жобамен жұмыс істеп жатырмыз.

Шүлбі су электр стансасы еліміздегі ең ірі кәсіпорындар санатында. Бұл жерде негізгі жабдықтардың жағдайын бақылайтын және ақауларды ерте анықтайтын пилоттық жоба қолға алынып отыр.  

Қайрат Кеңесбаев, «Шүлбі» СЭС техникалық директордың міндетін атқаушы

- Бір агрегаттың өзі 117 мегаватт энергия өндіреді. Шүлбі су электр стансасы Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының 25%-ін тоқ көзімен қамтамасыз етеді. Қазір №1 және №3-інші агрегат жұмыс істеп тұр. Екінші және төртінші агрегат резервте, 5-іншісі толық жөндеуден өтіп жатыр.

Сонымен бірге БАҚ өкілдері қаладағы Президент тапсырмасымен салынған 150 орындық оңалту орталығы мен заманауи консультативті-диагностикалық қызмет көрсететін, өз емханасы мен стационары бар «IV plus» клиникасында болды.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.