ШЫҰ аясындағы ғылыми ықпалдастықты арттыру қажет

Бұл жайлы ұйымның бас хатшысы Чжан Миннің Президент жанындағы ұлттық ғылыми академия басшысы Күнсұлу Закарьямен өткен кездесуінде айтылды.

Ұлттық биотехнология орталығында өткен басқосуда тараптар ғылым мен технологияға қатысты болашақ жоспарларын пысықтады. Демографиялық динамикасы қарқынды аймақ үшін азық-түлікпен қамту қауіпсіздігі күн тәртібінен түспейтін мәселе. «Оның ұтымды шешімін тек ғылымға бет бұрсақ қана табамыз», - дейді Чжан Мин. Сондықтан ұйымға мүше елдер агроөнеркәсіптегі жетістіктерін ортаға салып, ғылымды одан әрі дамытуда күш біріктіруі тиіс. Бұл ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Қазақстанға ғылыми форум өткізуді ұсынып отыр. Ұйымға мүше елдердің ғылыми академиялары қатысқан мұндай іс-шара соңғы рет 2014 жылы өткен еді.

Чжан Мин, ШЫҰ бас хатшысы:
- Шанхай ынтымақтастығы ұйымға мүше елдердегі ғылым мен технологияның даму процесіне мән беріп келеді. Сондықтан мұндай форумның берері мол болмақ. Шілдеде өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінен кейін төрағалық ету құқығы Қазақстанға өтеді. Елдеріміздегі ғылыми қауымдастықтың басын қосатын жиын ғылым мен жоғары технологиялардың одан әрі дамуына серпін береді деген үміттемін. Ұйымға төрағалық ететін Қазақстан да осы ретте белсенділік танытанына сенімдімін.

Күнсұлу Закарья, ҚР ҰҒА басқарма президенті:
- Келіскеніміз болашақта жаңа меморандумдарға қол қоямыз. Қытайға шақыру алдық.

Кездесуден кейін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы ұлттық биотехнология орталығындағы зертханаларды аралап көрді. Атап айтқанда «QazBioPharm» жобалары таныстырылды. Ғалымдар зақым келген буын жасушыларын жаңартып, денсаулықты қалыпқа келтірудің тың жолдарымен бөлісті.