Ауылына қайтқан тұрғындар эвакуациялық пунктке оралып жатыр

Абай облысында Семейдегі эвакуациялық пунктен ауылдарына қайтқан тұрғындар орта жолдан оралуға мәжбүр болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені өрт қауіпі қайта күшейді. Сол себепті облыстық штаб жергілікті жұртты сабырға шақырып, қатер сейілгенше шыдай тұруға кеңес береді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бородулиха ауданындағы өрт дес берер емес. Жел күшейіп,​ жағдай ушықты. Бұл Семейдегі эвакуациялық пунктен ауылдарына қайтып бара жатқан бір топ адамның​ жолын бөгеді. Олар штаб ​шешіміне сәйкес орта жолдан кері оралды.

Мінеки, мына автобус уақытша паналау пунктінде болған Талица ауылының​ тұрғындарын таңертең ғана үйлеріне қарай алып шыққан еді. Енді​ Семейге қайта алып келді. Гүлмира Текеева​ ауылымның шетін ғана көріп үлгердім дейді. Аядай мекенім жалыннан аман қалса екен ​деп жанын шүберекке түйіп отыр. Өйткені кеше ғана жайбарақат тұрған Талицаны лезде көк түтін басқан.

Гүлмира Текеева, Талица ауылының тұрғыны:

- Жартысына жеткенше, жарты жолда айтты, бекетте айтты, әрі қарай алмаймыз, себебі өрт өршіп келе жатыр, Талица​ шетінде, Ертісте өрт өршіп келе жатыр, сіздерді жібере алмаймыз деп. Ең бастысы, бала-шаға аман болсын, елдің көмегімен бала-шаға амандығын тілеймін.

Сондықтан облыс орталығындағы​ уақытша паналау бөлімдерінде жұмыс қайта жанданды. Электртехникалық колледж жатақханасында тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Марат Серікболұлы жалын жолында қалған жерлестерін құшақ жая қарсы алды. Білім ұжымы апат айтып келмейді, сондықтан қанша күн болса да, қолдау көрсетуіге әзір.

Марат Серікболұлы, колледж директоры:

- Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас дайын, жатақханада орындар бәрі дайын тұр, біз осындай қиын жағдайда қол ұшын созуға дайынбыз.

Үй-жайын тастап, қамкөңіл жүрген азаматтарға волонтерлар да көмектесіп жатыр. №3 мектеп ұжымы ести сала, ең қажет заттарды жинап, пунктерге таратып жүр.

Баян Нұрғалиева, волонтёр:

- Демалыс күнге қарамастан мектеп ұстаздары қамқорлық кеңесі, ата-аналар барлығы жиналып, күнделікті керек заттарды алып, осы кісілерге көмегіміз тисін деп жатырмыз.

Бұл жатақханада қазір 30 адам тұрақтады. Енді жолда тағы 20 адам келе жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Жалпы Семей қаласында 800 адам сыятын эвакуациялық пункт дайын тұр. Ең қиыны, орман іргесміндегі ауылдардан көшуге қарсылық білдірген жұрт та көп. Олар үй-жайын, малын тастап кетуге келіспей отыр. Сондықтан түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Э.Ахметова, Жігер Бабаханов.