Алакөлдің Жетісу облысына қарасты жағасын бекіту жұмыстары тоқтап қалған

Айдынды Алакөл Жетісу облысына қарасты Ақши мен Көктұма ауылына қарай жақындап келеді.

Жыл сайын бірнеше метр жер опырылып су астына кетеді. Қауіпті сейілту үшін 2020 жылы алты миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылып жағалауды бекіту жұмыстары басталған. Бірақ көп ұзамай ауқымды жоба тоқтап қалған.

Көктұмада тұратын Эльвира Смағұлованың шомылу маусымына дайындығы баспалдақ жасатудан басталады. Себебі туристердің көлге барар жолын жыл сайын су орып кетеді. Жардың құлауы демалыс орнымен қатар тынығушыларға да қауіп төндіріп тұр.  

Эльвира Смағұлова, демалыс орнының қожайыны:

- Жазда демалушылар келген кезде түсте кешке, мына ұлдардың бәрі жардың жанына жатпаңыздар деп аралады. Бір жағдай болды. 16 жастағы қыз жар құлап марқұм болып кетті. Былтыр да жар құлады. Бірақ астында ешкім болмады. Құдай сақтады. Түсейін деп тұрғандарын ұлдар түсіріп отырады. Өте қауіпті. 

Айдынды көл Көктұмаға қарай жақындап келеді. Қазірдің өзінде шеткі көшенің бір бөлігі опырылып суға кеткен. Жағалауды бекіту ісі үш жыл бұрын басталғанымен аяқсыз қалды. Сол себепті тендерді жеңіп алған мердігер мен әкімдік соттасып жатыр. 

Айбек Нұржанов, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Сот шешіміне сәйкес бізде келісім шартты бұзу алынған аванс суммасын қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні жобалаушы ұйым түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Корректировка. Өйткені Алакөл жағалауы шайып кетті. Соған сәйкес құрылыс жұмыстарына ақша сұраймыз. Ары қарай конкурс жарияланғаннан кейін басқа мердігер жұмысты жалғастырады. Жылдың аяғына дейін қайта бастауымыз керек болады. Болмаса келесі жылдан бастап қайта жалғасатын болады. 

Созбалаңға салынған құрылысты қайта жандандыруды сұраған демалыс орнының иелері шомылу маусымына дайындалып жатыр. Көлік қатынасының жақсаруынан биыл келушілер көп болады деген сенім бар.    

Данияр Сағымбеков, демалыс орнының қожайыны:

- Соңғы жылдары жаңа демалыс орындары ашылып жатыр. Өйткені Алакөл өте тартымды деп ойлаймын. Бәсекелесті болу үшін біз сезонның соңында болған қаражаттың жартысын жаңарту үшін салып жатырмыз. Жаңартудың мақсаты қызметтің сапасын арттыру. Біздің келе жатқан туристер қызметтің дәрежесін қарайды.  

Алакөлдегі туристік маусым тамыз айының соңына дейін жалғасады. Биыл бір жарым миллион адам шипалы суға шомылып қайтады деген болжам бар.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев