Атырауда Infinity Жazz фестивалі өтті

2 күнге созылған шара аясында шахматтан турнир, дизайнерлер көрмесі, сонымен бірге марафон ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар арасында бұқаралық спортты насихаттап, жастарды зиянды әдеттерден алшақ болуға үндейтін фестиваль 2017 жылдан бері өтіп келеді.

Infinity Жazz фестивалі аясында 500-ден астам қала тұрғыны 5 шақырымға жүгіруден жарысты. Марафонға жастардан бөлек, егде тартқан кісілер де  қатысты. Желаяқтар бәсекесі осымен 6-шы рет өтті. 

Асқар Қазиев, марафонға қатысушы:

- Мен осы жеңіл атлетикамен өмір бойы айналысып келе жатырмын, жүгіру түрімен. Оның ішінде ұзын қашықтыққа. Жарысты жібермейміз, үнемі қатысамыз. Жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға осы спортпен айналысып, оның ішінде жүгіру спорты денсаулыққа өте маңызды, пайдалы. Жастарға айтар едім, осы спорттың жеңіл атлетика түрімен, жүгірумен көбірек айналысса деп.

Infinity эко-саябағына жиналған қала тұрғындары отандық дизайнерлердің туындысымен танысып, шеберлік сабақтардың куәсі болды. Түрлі кинофильм көрсетіліп, қызықты викториналық сайыстар өтті. Сонымен қатар шахматшылар 3 жас ерекшелігі бойынша бәсеке көрігін қыздырды.

Абай Әміров, Infinity Жazz фестивалін ұйымдастырушы:

- Атырау марафонын қолдаған компаниялар – «Аспар Қашаған» компаниясы, «Береке банк», «Кент» және бізді қолдаған әріптестеріміз, әрине, Атырау қаласының әкімдігі. Соларға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Бірігіп, осылай марафонды жыл сайын өткізіп келе жатырмыз. «Аниме Фест» жастарын қолдадық, бишілер сайысы, көптеген шаралар болады.

Атыраулықтар арасында бұқаралық спортты одан әрі насихаттау мақсатында қыркүйекте тағы бір марафон өтеді. Оған 2 мың адам қатысады деп жоспарланған. Желаяқтар сыны 4 қашықтықты қамтиды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.