Алматыда кәрі ағаш кесіледі

Алматыда кәрі ағаш көп. Қатты жел тұрса, морт кетіп, бір жағына қисая салуы мүмкін.

Жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырғаны да осы. Ал қалалық Жасыл экономика басқармасының мамандары "кәрі ағаштарды кесу жобасы жасалды, мәселе 2026-шы жылға дейін  толық шешіледі" дейді.

Алып шаһар Алматыда 3 миллионға жуық жасыл желек бар десек, соның 84 мыңы апатты жағдайда тұрған кәрі ағаштар екен. Көпшілігі аула ішінде өсіп тұр.  Өткен ғасырдың 60-шы 70-ші жылдары отырғызылған теректер қатты жел тұрса құлап кетуі әбден мүмкін. 

Айдана Шайнүсіпова, қала тұрғыны:

- Әрине бұндай жағдайлар аз емес қазір болып жатқан. Бұл біз сияқты жас балалары бар аналарды ғана емес, сонымен қатар үлкен қарт кісілерді де алаңдатты. Себебі олар да таза ауаға шығып демалайық дейді. Қазір күн ыстық, біз көлеңке іздейміз бәріміз. Жаңағы ағаштың астына отырып, қай ағаштың қандай жағдайда екенін білмейміз. Балалармен жүреміз.

Жан Жаманқараев, қала тұрғыны:

- Ертең ол мысалы, адам басына құласа, машинаға құласа, сондайға жеткізудің керегі жоқ деп ойлаймын. Әр нәрсені өз уақытында, өзіне жауапты адамдар өз ісін білу керек деп ойлаймын.

Жергілікті тұрғындарды түсінуге болады. Өйткені Алматының ауа-райы  сан құбылады. Аяқ астынан жел тұрып көшеде ағаштар құлап астаң-кестең болып жатады. Жуырда ғана еменнің үлкен бұтағы жазғы кафені басып қалды. Әбиір болғанда ішіндегі адамдар шығып үлгерді. Қалалық Жасыл экономика мамандары алдағы үш жылда бұл мәселе толықтай шешіледі,-деп отыр.

Нұрлан Сейітбеков, экология және қоршаған орта басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Ол 84 мың ағаштың 22-ші жылы 5000 ағашын біз кестік. Қазіргі таңда  осы жылы, жылдың аяғына дейін 16 мың почти 17 мың ағаштай кесуді жоспарланып отыр басқарманың атынан. И осы 17мың ағаштың ішінде биылғы таңда жоспарымызда двордың арасында, мектеп бар оның ішінде, садиктеріміз бар бүкіл қала бойынша кесетін боламыз.

Қазіргі таңда  Алатау мен Наурызбай және  Медеу аудандарында жұмыс қарқынды жүріп жатыр,-дейді мамандар.  Ағаштарды кеспес бұрын Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері және экобелсенділермен мұқият сараптама жүрігізіледі.

Нұржан Мұхамадиев, "Қазақ өсімдік қорғау және карантин" ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

-  Қалдыруға болатын ағаштарда болады. Бірақ көп ағаштар келмейді. Мысалы, қайың келмейді. Терек келеді, қараағаш келеді. Ол ағаштың түріне  қарай кейбір ағаштар  жасандыру кесу дейді ондайды. Қатты қисайып тұрса сол қисайған жерін кесіп, төбесін қалдырып қойса сол төбесінен жаңа бұталар пайда болып қайта өсіп  1-2 жылда танымайтындай жас ағаш болып шыға келеді.

Қала экологиясын қалыпта ұстау үшін кескен ағаштардың орнын толтыру қажет. Сондықтан мамандар жыл соңына дейін 169 мыңнан астам түп ағаш отырғызуды да жоспарлап отыр.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев