Атадан балаға жалғасқан медициналық мамандық

Қостанайда «Дәрігерлер династиясы» атанған Асқаровтар отбасын білмейтіндер кемде-кем.

Әулеттің үлкені Райхан Әлмағамбетұлы Ұзынкөл ауданында қырық жылдан астам санитарлық дәрігер болып жұмыс істеді. Әке жолын қуған ұл-қыздары да медициналық мамандықты таңдаған.

Біз барғанда отағасы Райхан Әлмағанбетұлы елордаға сапарлап кеткен екен. Бұл кісі денсаулық сақтау саласында жақсы танымал. Бәлен жылғы еңбегі бағаланып, «медицина саласының үздігі», «Ұлы дала патриоты», «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған. Қазір оның өнегелі ісін кіндігінен тараған ұл-қызы жалғастырып отыр. Сұрастырып білсек, емшілік олардың тегінде бар екен.         

Гүлнәр Асқарова, Райхан Әлмағамбетұлының жұбайы:

- Бұрыңғы ата бабаларында күйеуім жағынан бақсылар болыпты. Қобызбен емдеген. Содан мүмкін жұққан шығар. Менің жағымнан апам хиррург высший категории болған. Інім хирург. Инемен, массажбен емдеген. Біраз адамды аяққа тұрғызған.

Әке жолын жалғаған ұлы Қуат Райханұлы жоғары білімді реаниматолог және педиатр. Қызмет өтілі 15 жылдан асқан. Қазір білікті маман облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарып жүр.

Қуат Әлмағамбетов, Райхан Әлмағамбетұлының ұлы:

- Мен бала кезден дәрігер болғым келді. Жақын туыстарым сол саламен байланысты болғандықтан медицинаны таңдауым заңдылық сияқты. Бір жағынан адамдарға мамандығым бойынша көмектесіп, пайдамды тигізу, ол менің жүрек қалауым.

Шаңырақтың кенжесі Алтынай дәрігер-эндокринолог. Университет одан кейін резидентураны бітіріп, үш жылдан бері Қостанай аудандық ауруханасында жұмыс істеп жүр. Медицина ішінде эндокринолог мамандығын таңдауының да өзіндік сыры бар екен. 

Алтынай Тайева, Райхан Әлмағамбетұлының қызы:

- Медицина ішінде эндокринология өте жас мамандықтың бірі, саласының бірі. Және де эндокринология өте қызық мен үшін. Жалпы сонымен қатар папамыздак қант диабеті бар. Сол да бір себеп болды. Папамыздың қантын дұрыстау деген арман болды. Соның денсаулығын нығайтуға мақсат қойдым. Сол үшін энрокрологияны таңдадым.

Бұл үйдің келіні де медицина қызметкері. Мамандығы балалар медбикесі. Міне осындай абыройлы міндетті арқалаған әулет мүшелері үшін кәсіби төл мерекенің орыны ерек.

Кенжегүл Махмұтова, Райхан Әлмағамбетұлының келіні:

- Медициналық қызметкерлер күнін ерекше атап өтеміз. Бұл біз бір Жаңа жыл, Наурыз мейрамдары сияқты. Осы қарашаңырақта анамызбен, әкеміздің үйінде жиналамыз.

Айта кетелік, кәсіби төл мерекесі қарсаңында Қуат Әлмағамбетов денсаулық сақтау ісінің үздігі медалімен марапатталды.

Авторлары: Мағауия Қалив, Ермек Мұхамедияров