Оралдағы ХҚКО алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. LIVE

Оралда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдында ұзын-сонар кезек пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік көлігін тіркеп үлгеруге тырысқан жүргізушілердің кейбірі тіпті сол жерде түнеуге де мәжбүр болған. Өйткені елдегі көлік тіркеу науқанының аяқталуына санаулы күн қалды.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мен Зачаганск кентіндегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тұрмын. Мұнда, міне, расында да ұзын-сонар кезек екен. Ғимарат маңайындағы атшаптырым аумақты алып жатқан автотұрақта орын жоқ. Қалған көліктер күре жолдың бойында қаз-қатар тізіліп тұр. Ал ғимарат ішінде ығы-жығы адам. Олар өз кезегін сағаттап күтуге мәжбүр. БҚО – Ресейдің 5 облысымен шектеседі. Байқағанымыздай, жергілікті тұрғындардың көбі сол жақын жерлерден арзан көліктерді сатып алған. Енді соларды елде тіркеп үлгеруге тырысып жатыр.

Сүндет Асанов, жүргізуші:

- Қазір үлкен кезекті көріп тұрмыз. Таңертең келеміз, кеште кетеміз. Кезекте тұрамыз. Әкімшілік оны да қарастыру керек деп ойлаймын.

Қуаныш Насыров, жүргізуші:

- Есептен алынып тасталған. Құжаттарды рәсімдеймін. Күтіп отырмыз кезекте, кісі көп.

Мақсот Атауов, жүргізуші:

- Машина арестте тұр ана жақта, Ресей жақта. Білмеймін енді, қазір неткесін шыға аламыз ба Ресейге, шыға алмаймыз ба?! Соған келіп тұрмыз. Бір сағаттан асқан болар.

Мамандардың ресми мәліметінше, бүгінге дейін өңірде 14 мыңнан астам өтініш мақұлданған екен.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Өңірде 104 «конструктор» көлікке қазақстандық нөмір берілген екен. Тағы өтініштер қабылданып жатыр.