Оралда шетелдік көлікті тіркеуге кезек күрт көбейді

Оралда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдында ұзын-сонар кезек пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік көліктерді тіркеу мерзімінің аяқталуына санаулы күн қалғандықтан, үлгеруге тырысқандар орталыққа ағылып жатыр. 

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің 5 облысымен шектеседі. Жергілікті тұрғындардың көбі көрші елден арзан көлік сатып алған. Ғимарат маңындағы автотұрақта орын жоқ. Қалған көліктер көше бойында қаз-қатар тізіліп тұр. Жүргізушілердің кейбірі түнеуге де мәжбүр болған. Мамандардың ресми мәліметінше, науқан басталғалы бері өңірде 14 мыңнан астам өтініш мақұлданған. Оның 10 мыңға жуығы ресейлік көлікке қатысты. Ал екінші сатыда Армениядан әкелінген көліктер тұр. Сала қызметкерлері барлық өтінішті науқан соңына дейін қабылдап үлгереміз деп отыр.

Сүндет Асанов, жүргізуші:

- Қазір үлкен кезекті көріп тұрмыз. Таңертең келеміз, кеште кетеміз. Кезекте тұрамыз. Әкімшілік оны да қарастыру керек деп ойлаймын. 

Асқар Сәлімов, облыстық ПД процессинг орталығының бастығы:

- «Конструкторлар» бар, уақытша тіркеулер бар. Сонымен қатар азаматтардың көбі уақытының болмауына байланысты, материалдық жағдайының болмауына байланысты кішкене созып, 10 күндей уақыт қалғанда кезекке келіп, құжаттарын тапсырып жатыр. Күніне орта есеппен 130-150 өтініш қабылдап жатырмыз біздер. Иә, бәріне үлгереміз. Өтініштердің бәрі де қарастырылатын болады.