СҚО-да жемқорлардан қайтарылған қаржыға 2 мектеп салынады

Жемқорлардан қайтарылған қаржыға Солтүстік Қазақстан облысында 2 жаңа мектеп салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біреуінің құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Бұл жөнінде бүгін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайын баяндаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров айтты. Теріскейде тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр.

Ауызсу мәселесі елдің теріскейінде де өзекті болып тұр. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының 93%-ы тіршілік нәрімен қамтылған. Биыл сумен жабдықтау жұмыстарын қаржыландыру 2 есеге ұлғайтылып, 18 млрд теңгеге жеткен. Аймақ басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жыл соңына дейін 18 мың халқы бар 31 елді мекенге су беріледі. Жуырда осы ауылдарда ауызсуға қатысты бірқатар проблема туындаған еді.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

- Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде, ол жерде жазда судың сұранысы 2 есе көп. Бүкіл ауыл магистральдан тура алғаннан кейін судың қысымы түсіп қалады. Қойылған резервуарлармен пайдаланбаған. Сондықтан мен қазір тапсырма бердім. Комиссия құрылды. Қазір резервуарлар тазаланып, сорғыларды орнына келтірткізіп, жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.

Өңірде білім саласында да оң шешімдер қабылданып жатыр. Биыл қыркүйектен бастап облыстың барлық мектебінде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Ол үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар жемқорлардан қайтарылған қаржыға жаңа білім беру ордалары салынып жатыр.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

- Біз 3 мектепке бюджетті өтінім берген болатынбыз. Екеуін қолдады. 3 млрд 153 млн теңге алдық. 2 мектепті бастап кеттік. Біреуі 600 орындық Тайынша ауданында бітіретін шығармыз. Екіншісін жылдың аяғында немесе келер жылдың басында бітіруді жоспарлап отырмыз.

Биыл жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерге турникеттер орнатылып, мамандандырылған күзет те енгізіледі. Бұл жұмыстарға 540 млн теңге бөлініпті.

Авторы: Риат Шони.